Жетісай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов пен «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС Жетісай, Мақтаарал аудандарының электр желілері басшысы Жантөре Нұрмұхамедов жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, ағымдағы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстардың есебін берді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Сондай-ақ сала мамандары алдағы жоспарлармен де бөлісті.

Баспасөз мәслихатында келтірілген мәліметтерге сәйкес, бүгінде аудан аумағындағы 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газбен қамтылып, көгілдір отын пайдаланатын тұрғындардың үлесі 87,7 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі екені айтылды.
Өткен жылы 4 елді мекен газға қосылған болса, биыл жыл басынан бері 12 елді мекенге табиғи газ берілген. Жыл соңына дейін тағы 8 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ал тағы 10 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде 2027 жылы Жетісай ауданын толық газдандыру көзделуде.
Сонымен қатар ауданда ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жалпы ұзындығы 1197 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларының 81,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайға жеткізілген. Қазіргі таңда 83 ауыз су ұңғысы, 85 су мұнарасы, 24 су сақтағыш және санитарлық қорғау аймақтары тұрақты жұмыс істеп тұр.

Электрмен қамту саласында да оң өзгерістер бар. Елді мекендердегі жаңадан салынған көшелерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Жетісай қаласын ұлғайтуға арналған 80 гектар аумақта 110/35/10 кВ қосалқы станция салынып, пайдалануға берілген. Сонымен бірге Абай ауылдық округінің Жүзімдік, Алтын кемер, Отан, Халықтар достығы, Бейбітшілік елді мекендерінде электр желілерін тарту және КТП орнату жұмыстары жүргізілуде. «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында тозығы жеткен трансформаторлар мен электр бағаналары жаңартылып, заманауи СИП-кабельдер кезең-кезеңімен орнатылуда.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға да айрықша көңіл бөлінген. 2025 жылы бұл бағытқа Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен 1,4 млрд теңге бағытталған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республикалық және облыстық бюджеттер есебінен Жаңа ауыл, Қазыбек би, Ділдәбеков, Қызылқұм ауылдық округтеріндегі жалпы ұзындығы 27,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қарақай және Мақталы елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 10,4 шақырымды құрайтын 10 көше жөндеуден өткен.
Жетісай қаласындағы жалпы ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын Омаршаев, Қалыбеков, Жоба Жәштаев, сондай-ақ Ынтымақ елді мекеніндегі Көрікті, Шойын көшелеріне жүргізілетін орташа жөндеу жұмыстары 2026 жылға өтпелі болса, ал ұзындығы 8,84 шақырымды қамтитын 10 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

Баспасөз мәслихаты барысында сала басшылары коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталып, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар назарға алынып, тиісті шаралар қабылданатыны жеткізілді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары