Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарда болып, зерделеу жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Мердігер мекеме өкілдерімен және инвесторлармен тілдесіп, өндірістік кестеге сәйкес жұмысты дер кезінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Аудан басшысы алдымен Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумақта салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерде болды. Ондағы атқарылған жұмыстарды көріп, құрылыс сапасын тексерді. Анықталған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, олқылықтарды қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді міндеттеді.
Сондай-ақ Серік Үсенұлы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Түркістан облысы департаментінің Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Жаңа ауыл» шекара бөлімшесіне барды. Бұған дейін жылыту маусымында 150-160 тонна көмір жағып келген шекарашыларға жаңадан орнатылып жатқан табиғи газбен жылытылатын қазандықтардың жағдайын көріп, жылу жүйесіне жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты. Қызметкерлердің қажеттіліктерін тыңдап, айтылған ұсыныс-пікірлер назарда болатынын жеткізді.

Әлеуметтік нысандарды аралау барысында аудан әкімі мемлекеттен бөлінген қомақты қаражатқа салынғанымен, пайдалануға берілмей жатып қабырғалары қақырап, шатырынан су ағатын Жетісай қаласындағы 1500 орындық мектептің құрылыс алаңында болды. Мердігердің жауапсыздығы мен құрылыс сапасының төмендігінен мектептің жертөлесіне су жиналып, қабырғалары шөге бастаған. Бұған дейін анықталған кемшіліктер бойынша берілген ескертулердің орындалмағанын атап өткен Серік Үсенұлы мектеп құрылысының сапасына қатысты материалдарды тиісті органдарға жолдауды жауапты сала басшыларына тапсырды. Аталған нысанның қабылдауға әлі дайын емес екенін қадап айтты.

Сонымен қатар аудан әкімі инвестиция тарту арқылы өңдеу кәсіпорындарын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында салынып жатқан өндірістік парк пен индустриялды аймақтардың құрылысымен танысты. Кәсіпкерлермен кездесіп, құрылыс сапасы мен азаматтардың өмір қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін ескертті. Инвесторлар көтерген инфрақұрылым мәселелерін қысқа мерзімде шешуге қолдау көрсетілетінін жеткізді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары