Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кеңейтілген лездемелік мәжіліс өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.
Жиынға аудан әкімдігінің аппарат басшысы, әкім орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ қала мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібіне енгізілген үш өзекті мәселе жан-жақты қаралды.

Бірінші мәселе аудан бюджетінің орындалу барысына арналды. Бұл бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы А. Мұратов баяндама жасап, бюджеттің ағымдағы игерілуі мен жоспарланған көрсеткіштердің орындалу деңгейіне тоқталды. Сонымен қатар жыл соңына дейін қаржылық тәртіпті сақтау, қаражатты мақсатты әрі тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді.
Келесі мәселе бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Е. Қосмұратов биыл пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының жай-күйі туралы есеп берді. Ол нысандардың белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жауапты мердігерлерге қойылатын талаптардың күшейтілетінін жеткізді.
Үшінші мәселе мереке күндері пиротехникалық заттарды қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі шараларына арналды. Аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы И. Елеусизов баяндама жасап, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.
– Жыл аяқталуына жақын. Алдымызға қойылған міндеттемелер бар, оларды дер кезінде әрі нақты орындауымыз қажет. Жұмыс – ең алдымен өз игілігіміз үшін, – деп, Арман Абдуллаев жыл соңына таяу барлық салаларда тапсырмалардың толық әрі сапалы орындалуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Жиынды қорытындылай келе, аудан әкімі тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне жұмысты жандандыру, көрсеткіштерді арттыру және бөлімдер арасындағы өзара үйлестіруді күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Барлық бағыттар бойынша жүктелген міндеттер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны айтылды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары