Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», – деп атап өткен болатын,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Президент Жолдауында айтылған бұл міндеттерді іске асыру мақсатында өңірлерде нақты жұмыстар жүргізілуде.

Осы ретте, бүгін Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаев ауданға инвестиция тарту мәселелері бойынша шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті, өндіріс саласын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаты Қайрат Пердеқұловтың бастамасымен келген қытайлық инвестор Жан Шаулин аудан аумағында құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын кірпіш зауыты жобасын жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Аталған жоба құрылыс материалдарына деген сұранысты қамтамасыз етуге және отандық өнім көлемін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, жиынға қатысқан кәсіпкер Әлімсейіт Қошқаров осы саладағы өзінің тәжірибесімен бөлісіп, өндірісті жолға қоюдағы маңызды тұстарға тоқталды.
Инвесторлармен пікір алмасқан аудан әкімі Арман Абдуллаев өндіріс орнын жаңадан қалыптасып жатқан «Дарбаза индустриалды аймағында» орналастыруды ұсынды. Сонымен қатар, аудан басшысы стратегиялық маңызы бар құрылыс жобалары – «Дарбаза–Мақтаарал теміржолы», сондай-ақ «айналма жол» құрылысы жөнінде ақпарат беріп, бұл жобалардың аймақтың логистикасы мен өндірістік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша аудан әкімі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне инвесторларға тиісті аумақты таныстыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетсек, ауданға жаңа инвесторлардың келуі және өндіріс нысандарының ашылуы аудан бюджетінің ұлғаюына, экономикалық дамудың жеделдеуіне тың серпін береді. Сонымен қатар, жаңа кәсіпорындар іске қосылған жағдайда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге елеулі үлес қосады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары