Түркістан облысында туризмді дамыту, туристер мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жол инфрақұрылымын қамту жұмыстары ұдайы жалғасып келеді,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және туристік нысандарға қолжетімділікті жақсартуға бағытталған.

Бүгін М-32 «Самара – Шымкент» автомобиль жолының бұрылыс алаңы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. 2056 шақырымдағы жол айрығы «Самара – Шымкент – Орал – Ақтөбе – Қызылорда» қалаларына бағытталады. Аталған жол торабын жаңғырту көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, жұртшылықты айтулы күнмен құттықтады.
– Бүгін өңіріміз үшін үлкен маңызға ие инфрақұрылымдық жоба – республикалық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолынан Сауран қалашығына бұрылыс жолы пайдалануға берілмек. Бұл нысан – тек жол инфрақұрылымының жаңаруы ғана емес, тарихи-туристік «Сауран археологиялық-сәулеттік кешеніне» кіреберіс пен шығаберісті айтарлықтай жеңілдетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды объект. Сапалы жол – туристің алғашқы әсерін қалыптастыратын басты фактор. Сондықтан бүгін іске қосылып отырған бұл жол нысаны туристік ағымды көбейтуге, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, кәсіпкерлік нысандарының дамуына және жалпы өңірлік инфрақұрылымның жақсаруына үлкен серпін береді. Өздеріңізге белгілі, Сауран қалашығына келушілер бұрын шамамен 30 шақырым айналма жол жүріп келуге мәжбүр болатын. Енді осы бұрылыс жолының іске қосылуымен бұл мәселе толық шешімін тауып отыр. Біз бұл жобаның іске қосылуы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жол қауіпсіздігін арттырып, халқымыздың игілігіне қызмет ететініне сенімдіміз, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасары жобаны іске асыруға атсалысқан барлық мамандар мен сала қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Маңызды жол айрығының құрылысын «Қыран» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Жолдың жалпы ұзындығы 1955 метрді құрайды. Құрылыс барысында қолданыстағы жол жамылғысы фрезерленіп, су өткізгіш құбыр орнатылды. Сонымен бірге жолды абаттандыру, жол белгілері мен таңбалау, жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды.

Жалпы Шымкент–Қызылорда бағыты көлік қозғалысы ең тығыз учаскелердің бірі саналады. Бұл жолмен тәулігіне шамамен 11 000 жеңіл автокөлік, 3 000 автобус және 8 000 жүк көлігі қатынайды. Осыған байланысты жол инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіздік шараларын күшейту және жол сапасын жақсарту бағытында жоспарлы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Айта кетейік, Түркістан қаласы маңында орналасқан Сауран кешеніне келушілер саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылы бұл нысанға 2683 турист келген болса, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша туристер саны 9925 адамға жеткен. Туристер мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралынан Сауран қалашығына бұрылатын жол бөлігін ашу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Өңірде туристік бағытты дамыту, саланың кірісін арттыру және жергілікті турбизнес субъектілерін қолдау мақсатында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы тарапынан туристердің жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары