Сауран ауданы кәсіпкерлік саласында тағы бір айтулы жетістікке қол жеткізді,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі және «Адал Азамат» премиясы бойынша аудан кәсіпорындары үздік деп танылып, ұлттық деңгейде жоғары марапаттарға ие болды. Бұл жетістіктер өңір кәсіпкерлерінің табанды еңбегі мен сапаға деген жауапкершілігінің айқын көрінісі саналады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын өткізілетін «Алтын сапа» конкурсы еліміздің ең үздік өндіріс орындарын анықтауды мақсат етеді. Конкурс талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі, өнімнің жоғары стандарттарға сәйкестігі және инновациялық шешімдер басты назарға алынады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Сауран ауданынан «Ақниет Holding» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Іскер 2025» арнайы номинациясының жеңімпазы атанды. Аталған кәсіпорын мектеп және корпустық жиһаз өндірісімен айналысып, отандық нарықта сапалы өнім ұсынып келеді. Кәсіпорын басшысы – Бақтыкерей Омар Арсенұлы.
Сонымен қатар, 2025 жылы өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 180 кәсіпорын қатысып, нәтижесінде «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша 9 кәсіпорын жеңімпаз деп танылды. Солардың қатарында Сауран ауданын лайықты танытқан «Sem Brand» жеке кәсіпкерлігі бар. Кәсіпорын металл қаңқалы үстелдер мен орындықтар өндірісімен айналысып, аймақтық және республикалық нарықта тұрақты сұранысқа ие өнім шығарып келеді. Кәсіпорын басшысы – Абилов Бабыр Шереханұлы.

Бизнес саласындағы жоғары этикалық стандарттарды дәріптейтін «Адал Азамат» премиясы да өңір кәсіпорнына бұйырды. Биыл бұл марапатқа «Идеал Туркестан» ЖШС лайық деп танылды. Пластик жиһаз өндіретін кәсіпорын экологиялық технологияларды қолдану, ашықтық қағидаларын сақтау және қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыру бағытында үздік тәжірибесімен ерекшеленіп келеді. Кәсіпорын директоры – Айметов Шамшиддин Абдумажитұлы.

Сауран ауданы әкімдігі аталған үш кәсіпорынды республикалық деңгейдегі маңызды марапаттарымен құттықтайды. Бұл табыстар ауданымыздағы кәсіпкерліктің қарқынды дамуының, сапалы өнімге деген сұраныстың артуының және адал еңбек қағидаттарының орнығуының айқын нәтижесі болып табылады. Алдағы уақытта да аудан басшылығы жергілікті кәсіпорындарды қолдап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары