16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округінің Сарыжылға елді мекенінде маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты жаңалықтардың бірі болды.

Атап айтқанда, Мұстафа Шоқай көшесінде орналасқан кіші ашық футбол алаңшасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа спорт нысаны елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, ауыл ақсақалдары, жастар және жергілікті тұрғындар қатысты. Салтанатты жиында аудан басшысы тұрғындарды ел үшін айрықша маңызы бар мерекемен құттықтап, жаңа спорт алаңшасының ауыл өміріндегі рөліне ерекше тоқталды.

— Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Осы мереке қарсаңында ел игілігіне беріліп отырған әрбір әлеуметтік нысан – мемлекеттің халық алдындағы нақты қамқорлығының көрінісі. Бұл футбол алаңшасы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Футбол алаңшасының өлшемі 42 х 21 метр, жалпы жер көлемі 0,25 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, желтоқсан айында толық аяқталған. Заманауи талаптарға сай салынған спорт алаңы қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Жергілікті жұртшылық жаңа нысанға ризашылықтарын білдіріп, мұндай жобалар ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттыруға, жастарды спортқа баулуға және бұқаралық спортты дамытуға серпін беретінін атап өтті. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген бұл игі іс Сарыжылға елді мекенінің тұрғындары үшін ерекше мерекелік тарту болды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары