Келес ауданында қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде болуы мүмкін жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан сақтандыру мәселесіне арналған жиын өтті,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Жиын еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және заң талаптарын кеңінен түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

Жиналысты аудан әкімі аппараты басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерлан Ибраимов ашты. Ол еңбек қауіпсіздігінің маңызын атап өтіп, қызметкерлерді сақтандыру — әр жұмыс берушінің заң алдындағы міндеті әрі әлеуметтік жауапкершілігі екенін айтты. Сондай-ақ сақтандыруды дер кезінде рәсімдеу өндірістік тәуекелдердің алдын алуға және жұмысшылардың құқықтарын қорғауға ықпал ететінін жеткізді.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Дінмұхамет Сихымбай еңбек қауіпсіздігі талаптары мен міндетті сақтандырудың құқықтық негіздері жөнінде кеңінен түсіндірді. Ол қолданыстағы заңнама талаптарына тоқталып, сақтандыру шарттарын орындамаудың салдары туралы баяндады. Баяндамадан кейін қатысушылар өз сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.

Келесі болып «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Балауса Камалова сөз сөйлеп, өндірістік тәуекелдерден сақтандыру бағытындағы қызметтер мен сақтандыру өнімдерінің ерекшеліктерін таныстырды. Тыңдаушылардың сауалдарына нақты жауап беріп, сақтандыру рәсімдеу барысындағы маңызды жайттарға тоқталды.
Одан кейін «Номад Лайф» сақтандыру компаниясының Түркістан қаласындағы 4-санаттағы басқарушы директоры Сулушаш Садуакас міндетті сақтандырудың тиімділігі мен рәсімдеу тәртібі туралы түсіндіріп өтті. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар талқыланып, тәжірибеде кездесетін өзекті мәселелер қарастырылды.

Жиын соңында барлық жұмыс берушілерге еңбек қатынасындағы қызметкерлерді жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан міндетті түрде сақтандыру жөніндегі заң талаптарын уақытылы орындау қажеттігі ескертіліп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары