Әшірәлі Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінде Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай “Келес” халықтық театры Есенғали Раушанның «Абай» спектаклін сахналады. Бұл қойылым Түркістан облысының аудандары ішінде алғаш рет көрсетілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Шараға 500-ге жуық көрермен келген. Қойылымда тек екі кейіпкер болса да, сахнадағы шебер ойын мен сахна артындағы қызметкерлердің қолдауы көрерменге ерекше әсер етті. Минималистік сахналық шешім, жарық пен дыбыстың үйлесімі спектакльдің мазмұнын тереңдете түсті.
Құнанбайды Жангелді Мырзалиев, ал Абайды жас актер Бекқали Еркін сомдады. Актерлер Абай мен Құнанбай арасындағы әке мен бала, заман мен сана қайшылығын көркем жеткізіп, көрерменді ойға жетеледі. Спектакль барысында Абайдың рухани қалыптасуы, адамгершілік пен әділдік жолындағы күресі айқын көрініс тапты.

Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев театр ұжымын құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
— Абай шығармашылығын ұлықтау — бұл тек мерейтойлық іс-шара емес, біздің жастарға ұлттық құндылықтарымызды түсіндіру, олардың бойына парасат пен өнеге дарыту жолындағы маңызды қадам. Бұл спектакль көрерменге қазақ әдебиеті мен мәдениетінің терең мәнін сездіруге, отбасылық және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Мұндай қойылымдар жастарды өнерге баулу мен ұлттық рухты нығайтуда ерекше рөл атқарады, — деді Мақсат Сабитұлы.
Шара соңында көрермендер қойылымнан алған әсерлерін бөлісіп, актерлерге жылы лебіздерін жеткізді. Ал сахна артында қызмет көрсеткен ұжымның еңбегі де жоғары бағаланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спектакль алдағы уақытта да басқа аудандарда көрермен назарына ұсынылуы мүмкін.

Мұндай қойылымның облыс көлемінде алғаш рет сахналануы Келес театрының өнердегі жетістігі ғана емес, аудан тұрғындары үшін де рухани мереке болды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары