Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Қабылдау «АMANAT» партиясының аудандық филиалының ғимаратында өтті. Кездесу ашық форматта ұйымдастырылып, әрбір азаматтың мәселесін жеке қарауға басымдық берілді.

Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тұрғын үйге қол жеткізу, әлеуметтік қолдау, табиғи газ тарифіне қатысты сұрақтар, тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін алу, сондай-ақ су каналы көпірінің жағдайына байланысты түйткілдер талқыланды. Аудан әкімі әрбір мәселені мұқият тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қабылдау барысында әлеуметтік жағдайына байланысты тұрғын үймен қамту туралы өтініш білдірген азаматтарға тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жауапты қызметкерлер тарапынан тұрғын үй кезегінің жүргізілу тәртібі, «Отбасы банк» арқылы қолжетімді баспана алу мүмкіндіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға қатысты өтініштер бойынша аудан басшысы ауыл округ әкімдері мен әлеуметтік бөлім қызметкерлеріне тұрмыстық жағдайды зерделеу, қажетті қолдау тетіктерін қарастырып, нақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны атап өтілді.

Сонымен қатар аудан әкімі инженерлік инфрақұрылым саласындағы кемшіліктерді жою үшін жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мердігерлер жұмысын қайта қарап, тұрғындармен кері байланысты күшейтуді міндеттеді.
Қабылдау барысында көтерілген, қосымша талдауды қажет ететін бірқатар өтініштер бойынша мәселелерді нақтылау мақсатында жергілікті жерге барып, орын алған жағдайды көзбен көру жөнінде шешім қабылданды.

Қабылдауды қорытындылаған аудан әкімі Азат Оралбаев көтерілген барлық сұрақтардың шешілуі жеке бақылауында болатынын атап өтті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары