Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы мен қызметкерлері, бөлім басшылары, ауыл округі әкімдері және жауапты сала жетекшілері қатысты, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аппараттық мәжіліс аудан көлеміндегі өзекті мәселелерді жүйелі түрде талқылауға бағытталды.

Мәжілістің күн тәртібіне елді мекендердегі санитарлық тазалық, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау, полигондардың қазіргі жағдайы, сондай-ақ жол бойындағы сервистік қызмет көрсету мен туристік орындардың ахуалы енгізілді. Аталған мәселелер аудан тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттар ретінде қаралды.
Аудан әкімі әрбір мәселе бойынша жеке тоқталып, жауапты басшылардың баяндамаларын мұқият тыңдап, нақты ескертулер мен тапсырмалар берді. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзіміне ерекше назар аударылды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманалы Кадиев елді мекендердегі санитарлық жағдай мен абаттандыру жұмыстарының орындалуы жөнінде баяндады. Аудан әкімі тазалық мәселесіне аса мән берілетінін атап өтіп, кейбір ауылдық округтерде жұмыстың баяу жүргізіліп жатқанын айтып, тиісті қызметкерлерге анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Келесі мәселе – қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және полигондардың жағдайы жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Искаков қалдықтарды тасымалдау кестесі, арнайы техниканың жеткіліктілігі және полигондарды ретке келтіру жұмыстары туралы ақпарат берді. Аудан әкімі бұл салада да бірқатар түйткілдер бар екенін айтып, нақты шаралар қабылдауды талап етті.

Үшінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Патима Ташимова жол бойындағы сервис нысандары мен туристік орындардың сапасын арттыру, қызмет көрсету мәдениетін көтеру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Аудан басшысы аудан туризмін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында қосымша мәселелер де кеңінен қаралды. Атап айтқанда, аудан жұртшылығының газет-журналдарға жазылу белсенділігін арттыру, әскерге шақыру науқанының ұйымдастырылуы, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары сөз болды. Әр бағыт бойынша жауаптылар егжей-тегжейлі есеп беріп, аудан әкімі тарапынан әсіресе өрт қауіпсіздігі мен газдан уланудың алдын алу бойынша әрбір жанұяға түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Жиынды қорытындылаған Азат Оралбаев көрсетілген барлық бағыттарда жұмысты жандандыруды, кемшіліктерді жедел түрде түзетуді және тұрғындармен кері байланысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар ауданның тұрақты дамуы әр саланың үйлесімді әрі жауапты жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары