Мемлекет басшысының барлық елді мекендерді таза ауыз сумен 100 пайыз қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Ордабасы ауданында жүргізілген жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асып, биыл бұл межеге толық қол жеткізілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Осылайша Ордабасы Президент тапсырмасын мерзімінде орындап, елді мекендерді ауыз сумен толық қамтамасыз еткен өңірлер қатарына қосылды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан аумағындағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылып, қамту деңгейі елді мекендер бойынша 94,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында биылға дейін ауыз су жүйесі жүргізілмеген Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылып, нысандар қазан айында пайдалануға берілді.
Нәтижесінде Ордабасы ауданындағы барлық елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы толық аяқталып, аудан ауыз су инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңнен өтті. Бұл тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Қолданыстағы су жүйелерінің үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе елді мекендерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жүйелердің тозуын азайтып, қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру мақсатында уәкілетті органдарға ұсынылды.

Аудан аумағында іске асқан бұл жүйелі әрі кешенді жұмыстардың нәтижесі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, ауылдық инфрақұрылымның тұрақты дамуына және әлеуметтік жағдайдың оңалуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары