Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл маңызды жоба елді мекен халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі болды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Жиын барысында ауыл халқы көптен күткен қуанышты сәттің куәсі болды.
– Құрметті жерлестер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Отырар ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда бүгін ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Нәтижесінде бүгінде аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр, – деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы да сөз сөйлеп, жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, денсаулығы мен жайлы өмір сүруіне оң әсерін тигізетінін атап өтті.
Сондай-ақ іс-шара барысында Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты әрі тиімді үлгісі.
Нысанның құрылыс жұмыстары «Exclusive Project company» ЖШС-і тарапынан жүргізілген. Жобаға сәйкес, 11 560 метр су құбыры тартылып, 65-ке жуық отбасы таза ауыз сумен қамтылды. Құрылыс аясында 1250 метрлік (2 дана) су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынған.

Жиын соңында аудан әкімі жауапты мамандарға жаңа нысанды сапалы күтіп-ұстауды, ауылды ауыз сумен үзіліссіз қамтамасыз етуді және жүйенің тұрақты жұмысын қадағалауды тапсырды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары