Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі аясында желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесті,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Тағылымды басқосу Тәуелсіздік мерекесінің мазмұнын тереңдете түсіп, ел тарихындағы маңызды кезеңдерді еске алуға арналды.

Кездесу барысында аудан басшысы Желтоқсан оқиғасының ызғары мен бүгінгі бейбіт күннің бағасы жайлы кеңінен айтып, азаттықтың қадірін ұғынудың, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Сіздерді барлық игілігіміздің бастауы болған ұлы мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 34 жыл, ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 39 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – халқымыз үшін ерекше қастерлі күн. Біз еркіндігімізді әрдайым мақтан тұтып, қастерлеуге тиіспіз. Сіздер – бүгінгі күннің батырларысыздар. Ерліктеріңіз бен отансүйгіштік рухтарыңыз өскелең ұрпаққа әрқашан үлгі бола бермек», – деді.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы тек сол күндермен шектелмейтінін айтып, бұл оқиға Тәуелсіздікке жету жолындағы күрестің бастауы болғанын, ел жадында мәңгі сақталатын ерлік екенін атап өтті.
Іс-шара барысында желтоқсаншылар ел тарихындағы күрделі кезеңде бастан кешкен оқиғалары мен жүрек тебірентерлік естеліктерімен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа аманат болар ойларын ортаға салды.

Жиын қорытындысында Желтоқсан оқиғасына қатысып, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосып келе жатқан желтоқсаншыларға «Отырар ауданына 90 жыл» мерекелік медалі табысталды. Бұл марапат – ерлік пен елдік жолындағы еңбектің лайықты бағасы болды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары