Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Шардара ауданында ел мерейін асырған тағылымды шара өтті,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Жаушықұм ауылының тұрғындары – Ешмуратовтар және Оңайовтар отбасыларында үшемдер дүниеге келіп, аудан демографиясына зор үлес қосты. Бұл қуанышты жаңалық аудан жұртшылығын ерекше шаттандырып, тәуелсіз елдің баянды болашағын айшықтайтын игі оқиға ретінде бағаланды. Шара барысында жаңа өмірге келген сәбилерге көрсетілген қолдау – мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлықтың нақты көрінісі болды.
Бұған дейін аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың қолдауымен демеушілер есебінен әр отбасыға 3 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілген болатын. Ал мереке қарсаңында аудан әкімінің бастамасымен Шардара қаласындағы Ж. Қолдасов көшесінде орналасқан, заман талабына сай салынған жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Жаңа баспаналар барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, жас отбасылардың жайлы өмір сүруіне толық мүмкіндік береді.

Салтанатты жиында аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев сөз сөйлеп, көп балалы отбасыларды қолдау – тәуелсіз мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті. Ол үшемдердің дүниеге келуі аудан үшін үлкен мәртебе екенін айтып, отбасыларға зор денсаулық пен береке тіледі.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Лесбекұлы Мүтәлиев құттықтау лебізін білдіріп, үшемдердің аман-есен өсіп, ел игілігі жолында қызмет ететін азамат болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді.
Қуанышы қойнына сыймаған қос шаңырақ иелері аудан басшылығына және демеушілерге шынайы алғыстарын білдіріп, көрсетілген қамқорлықтың өздері үшін үлкен демеу болғанын атап өтті. Айта кетейік, жаңа баспаналар демеушілер қаражаты есебінен салынған.

Тәуелсіз елдің әрбір сәбиі – жарқын болашақтың кепілі!
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары