Күн санап дамып келе жатқан әлемде барлық саламен қатар өндіріс саласы да ғарыштап дамып келеді,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Мәселен, өндіріс өнімін арттыру мақсатында роботтандыру мен автоматтандыруды кеңінен қолдану, жасанды интеллект мүмкіндіктеріне жүгіну бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осыған байланысты Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев бастаған аудан делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Қытай елінің Хунань провинциясы, Чанша қаласына қарасты Кайфу және Нисянь аудандарындағы толық автоматтандырылған өндірістік аймақтардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, ірі өндірістік жобаларды жоспарлап, олардың іске асуына әдістемелік көмек көрсетіп жүрген бірқатар компаниялардың қызметіне қанықты.

✅ Кайфу ауданы. Халық саны 3,2 млн адамды құрайтын бұл ауданда 1 ірі және 2 шағын өндірістік аймақ жұмыс істейді. Ал ірі өндірістік аймақтың өзінде 240-тан астам кәсіпорын орналасқан.
Бұл аумақта аудан делегациясы бетон, пластик және темірден жасалатын құрылыс материалдарының сан алуан түрлерін, сондай-ақ қорап шығаратын өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты.
Тауарлы бетон зауытында сағатына 250 м³ бетон өндіретін екі өндірістік жүйе жұмыс істейді. Кәсіпорын толық автоматтандырылғандықтан мұнда небәрі 12 адам еңбек етеді. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты шамамен 2 млн тоннаға жуық тауар шығаруға мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 24,5 млн АҚШ доллары көлемінде өнім өндіріп, 30-ға жуық компаниядан тапсырыс алып, бірлесіп жұмыс жүргізген. Айта кетейік, дәл осындай қала аумағында 100-ден аса кәсіпорын бар.
Бұдан бөлек, делегация осы ауданда орналасқан «Гаолинг групп» компаниясында болды. Құрылыс саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген, мемлекет тарапынан түрлі марапаттарға ие болған бұл компания өңірдегі көшбасшы кәсіпорындардың бірі саналады.
Сонымен қатар, аудан делегациясы аталмыш ауданның жобалық институтында болып, білікті мамандар дайындаған шатқал үстінен көру алаңдары және өзге де бірегей жобалармен танысты. Сол жерде институт мамандары тарапынан Ақсу шатқалында жоспарланып жатқан көру алаңының 7 түрлі жобалық нұсқасы ұсынылды.
Сондай-ақ, Кайфу ауданына іссапар барысында аудан делегациясы жергілікті әкімдікте билік өкілдерімен кездесіп, құнды тәжірибе алмасты. Тараптар ынтымақтастықты нығайту, достық қарым-қатынасты дамыту бағытында бірқатар келіссөздер жүргізді.

✅ Нисянь ауданы. Чанша қаласының негізгі өндірістік аймақтары шоғырланған бұл ауданда 1 млн-нан астам халық тұрады. Мұнда жоғары технологиялармен жұмыс істейтін 600-ден астам кәсіпорын орналасқан.
Сонымен қатар, аталмыш ауданда 2005 жылы құрылған «Sauvage» Чанша ғылыми институты жұмыс істейді. Қазіргі таңда орталықта 50 ғылыми маман еңбек етеді. Бұл мекемеде өндіріс саласына арналған жаңа технологиялар әзірленіп, мемлекеттік қолдау арқылы іске асырылуда.
Бүгінде орталықта сұранысқа ие бірқатар жаңа өнімдер шығарылады. Атап айтқанда, үй қасбетін әрлеуге арналған 1300 градус ыстыққа төзімді материалдар, бетонға су өткізбейтін қоспалар, азық-түлік сақтауға арналған пластик бұйымдар және өзге де инновациялық өнімдер өндірілуде.
Аудан делегациясы Нисянь ауданындағы іссапарын «FENY CO., LTD» компаниясында қорытындылады. Бұл компания кең орындардағы қалдықтардан асфальт құрамына қосылатын арнайы қоспа өндіреді. Аталған қоспаны қолдану арқылы асфальттың құны 20 пайызға арзандап, сапасы 30 пайызға дейін артады.

Осылайша, ауданымыздан Қытай еліне тәжірибе алмасу мақсатында барған арнайы делегация озық технологиялармен жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың қызметімен жан-жақты танысып, өндіріс саласындағы жаңа мүмкіндіктерді зерделеп, кезекті жұмыс күнін нәтижелі аяқтады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары