Қытай елінің Үрімжі қаласында іссапарда жүрген Түлкібас ауданының делегациясы индустриалды аймақтағы біршама кәсіпорындарды аралады,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Сапар барысында делегация құрылыс саласына аса қажетті тауарлы бетон шығаратын құрылғылар мен ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін «Xinjiang Xinwangda Co., Ltd» және «Xinjiang Huaxu Xinglong Machinery Equipment Co., Ltd» компанияларында болып, заманауи техника түрлерімен жан-жақты танысты. Кәсіпорын өкілдері өндіріс барысын таныстырып, техникалардың мүмкіндіктері мен артықшылықтары жөнінде кең көлемде ақпарат берді.
Нәтижесінде, «Түлкібас жолдары» ЖШС мен «Майлыкент сүт» АӨК тарапынан сүт бағытындағы ірі қараға жем дайындау мақсатында ауданымызда теңдесі жоқ силос (жүгері мал азығы) оратын заманауи комбайн, сиялка, жер өңдеуге арналған культиватор, трактор және тауарлы бетон өндіретін 2 құрылғы алуға келісімшарт жасалды. Сонымен қатар, алдағы уақытта өзара әріптестікті нығайту мақсатында 3 меморандумға қол қойылды.

Келіссөздер барысында «Xinjiang Huaxu Xinglong Machinery Equipment Co., Ltd» компаниясының өкілі тапсырыс беруші, яғни аудан кәсіпкерлеріне қажетті сипаттамаларға сай техникаларды арнайы дайындап беруге дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, өзара ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бірлесіп жұмыс жасауға әзір екендерін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан аумағында 808 дана түрлі ауыл шаруашылығы техникасы тіркеуде тұр. Оның ішінде біршама бөлігі ескірген техникалар санатына жатады.
Осыған байланысты техникаларды кезең-кезеңімен жаңарту, шаруаларға қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру мақсатында аталған іссапардың маңыздылығы жоғары екені атап өтілді.

Алдағы уақытта жасалған келісімдер негізінде аудан кәсіпкерлері мен шетелдік кәсіпорындар арасында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылып, нақты жобалар іске асырылатын болады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары