Жеміс-көкөніс сақтау бағытын дамыту – ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығынын азайтып, шаруалардың табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадам,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Бұл бағытты дамытудың маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Астана қаласында өткен халықаралық форумда БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесу барысында ерекше атап өткен болатын. Бұл өз кезегінде салаға жаңа технологиялар мен тиімді басқару тетіктерін енгізудің өзектілігін айқындай түседі.
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев бастаған аудан делегациясы іс-сапарын Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласында жалғастырып, Қытайдағы ең ірі жеміс-жидек пен көкөніс сақтау, өңдеу және қаптаумен айналысатын «Xinjiang Fruit Group» холдингінің жұмысымен танысты. Аталған мекеменің ел аумағында орналасқан 12 ірі қоймасы және өз өнімдерін тікелей сататын 86 сауда дүкені бар.
Сонымен қатар, холдинг жылына 200 мың тонна жүзім, 400 мың тонна жиде, 300 мың тонна жаңғақ, облепиха, қызанақ және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, ішкі және сыртқы нарыққа шығарады. Мұндай ауқымды өндіріс заманауи сақтау және өңдеу технологияларының тиімділігін көрсетіп отыр.

Бүгінде ауданымызда 3 мың гектардан астам алма бауы бар екенін ескерсек, жеміс-жидекті өңдеу және сақтау бағытын дамытуға зор мүмкіндік бар. Аудан бағбандары жыл сайын орта есеппен 25-35 мың тонна өнім алады. Алайда оның небәрі 6 600 тоннасы ғана аудан аумағындағы 3 қоймада сақталады.
Бұл көрсеткіш сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігін айқын көрсетеді. Қалған өнімнің бір бөлігі қысқа мерзімде сатылуға мәжбүр болып немесе тиісті жағдай болмағандықтан шығынға ұшырауы мүмкін.

Осыған байланысты, қосымша сақтау қоймаларын салу, заманауи технологияларды енгізу, кооперативтер құру арқылы шағын шаруалардың өнімін біріктіріп сақтау және өңдеу бағыттарын дамыту көзделіп отыр. Аталған мәселелер «Xinjiang Fruit Group» холдингінің мамандарымен тәжірибе алмасу барысында жан-жақты қамтылып, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты дамыту бойынша нақты келісімдер жасалатын болады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары