Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Жеткіншек шағын ауданында бой көтерген 16 пәтерлі, 2 қабатты тұрғын үй апатты жағдайдағы баспаналарда тұрып келген 16 отбасын жаңа қоныспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл жоба тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Аталған тұрғын үй құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «KATKO» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» тарапынан қаржыландырылып, халық игілігіне ұсынылды. Әлеуметтік жауапкершілікті басты қағидаттардың бірі ретінде ұстанатын компаниялардың бұл бастамасы өңір тұрғындары үшін үлкен қолдау болды.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов әлеуметтік маңызы жоғары жобаның аудан дамуына қосар үлесін атап өтті. Ол ұлттық компания өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратынын жеткізді.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтап, атқарылған жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
— Апатты үйлердің мәселесін шешу – басты міндеттеріміздің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сай бұл жобаны жаңғырту бағдарламасына енгіздік. Қаржы көзін анықтау үшін «Қазатомөнеркәсіп» компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Бұл жобаның іске асуына қолдау көрсеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына, «KATKO» және «Қазатомпром-Сауран» басшыларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамын. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар «KATKO» БК ЖШС-нің қаржы жөніндегі директоры Алмас Жанқабыл құттықтау тілегін білдіріп, компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жобалары алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

Жаңа тұрғын үй аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында салынған. Пәтерлер заманауи талаптарға сай жабдықталып, барлық инженерлік желілермен толық қамтылған. Ауласы қоршалып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Ғимараттың сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, сәулеттік талаптарға сай әрленген. Бұл жаңа баспана тұрғындар үшін жайлы өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыратыны сөзсіз.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары