Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік және спорттық нысан ашылып, тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, одан кейін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ресми түрде есігін айқара ашты. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жаңа орталықтың жұмысымен танысты.

Аудан басшысы өз сөзінде әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар аудан дамуының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа орталық ардагерлердің өмір сапасын жақсартып қана қоймай, белсенді әрі мәнді өмір сүруіне кең мүмкіндік береді.
— Осындағы ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріміз бейнетінің зейнетін көрер шақта қажетті қызметтерді жақыннан, қолжетімді түрде ала алады. Біздің мақсатымыз — аға буынға құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесін қоғам игілігіне бағыттау. Сондықтан бұл орталық тек қызмет көрсететін орын емес, ауылдың бірлігі мен қамқорлығы тоғысқан жылы ортаға айналады деп сенеміз, — деді Мұхит Сексенбайұлы.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те сөз сөйлеп, орталықтың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды. Ол ардагерлер үшін жасалып жатқан жағдайларға ризашылығын білдіріп, мұндай бастамалардың ел ішіндегі ынтымақ пен сабақтастықты нығайта түсетінін айтты. Ал ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Серікбай Байқұтиев биыл Құмкент ауылында атқарылған ауқымды жұмыстар үшін жергілікті тұрғындар атынан алғыс білдірді.

Жаңа орталықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нысан зейнет жасындағы ардагерлерге және 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Бір мезетте 30 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар орталықтың қызметін Қызылкөл елді мекенінің қариялары да пайдалана алады.
Орталықтың материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд пен шахмат ойындарына арналған орындар, сондай-ақ шай ішіп, еркін тынығуға арналған асүй қарастырылған. Бұл қызмет түрлері ардагерлердің денсаулығын нығайтып, әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған.
Шара соңында тұрғындар орталықты аралап көріп, көрсетілетін қызметтермен жақын танысты. Ауыл тұрғындары мұндай әлеуметтік нысанның ашылуы елді мекен өміріне тың серпін беретінін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді.

Айта кетейік, биыл дәл осындай «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы аудан орталығымен қатар, Созақ ауылында да ашылған. Бұл бастамалар әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, ардагерлерге көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі болып отыр.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары