Құмкент ауылында заманауи талаптарға сай салынған жабық үлгідегі кіші футбол алаңының құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Спорт нысанының ашылу салтанатына Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
— Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Спортқа қолжетімділік артып, ауылдарда осындай сапалы инфрақұрылым саны көбейіп келеді. Бүгінгі ашылып отырған нысанда ауыл жастары спортпен шұғылданып, үлкен жетістіктерге жетеді деп сенеміз, – деді Мұхит Сексенбайұлы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев құттықтау сөз сөйлеп, соңғы жылдары ауданда спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай нысандар жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, оларды тәртіпке, ұйымшылдыққа тәрбиелеуге ықпал етеді.
Ал ауыл қариясы, спорт ардагері Амантай Қожабеков жаңа алаңның ауыл жастары үшін маңызы зор екенін айтып, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.

Жаңа спорт алаңы барлық стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда ойыншыларға арналған жылы киім ауыстыратын бөлмелер, жарықтандыру жүйесі, жасанды төсеніш төселген футбол алаңы және қауіпсіздік қоршаулары қарастырылған. Нысан аумағы толықтай асфальтталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырылған.

Айта кетейік, биылғы жылы Құмкент ауылдық округінде 5 балалар ойын алаңшасы мен 1 ересектерге арналған шынығу алаңы салынды. Жыл соңына дейін округке қарасты Қызылкөл елді мекенінде 2 ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе ауылдарында да дәл осындай спорт нысандары бой көтеруде. Жақын күндері бұл нысандар да ел игілігіне табысталып, ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік бермек.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары