Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, қоршаған ортаны көгалдандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен қолға алынған бұл шараға 750-ге жуық мемлекеттік қызметші, түрлі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, белсенді жастар мен аудан тұрғындары қатысып, бірлесіп табиғатты қорғау ісіне үлес қосты.
Сенбілік барысында негізгі назар ағаш егу мен көгалдандыру жұмыстарына аударылды. Ауданның түрлі аумақтарында мыңнан астам көшет отырғызылып, елді мекендердің жасыл желек қорын арттыруға маңызды қадам жасалды. Іс-шараны тиімді ұйымдастыру үшін 5 арнайы техника жұмылдырылып, қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен жұмысқа қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді.
Тек көшет егіп қана қоймай, сенбілікке қатысушылар үлкен жолдардың бойы мен қоғамдық орындарды тазалап, аудан аумағын қоқыстан арылтуға белсене атсалысты. Бұл жұмыстар тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, туған жердің тазалығына деген жауапкершілігін арттыруды мақсат етті.

Аудан әкімі Бақыт Асанов атқарылған жұмыстарды арнайы аралап, сенбілік барысын өз бақылауына алды. Ол көшет егу жұмысына өзі де белсене қатысып, жастармен пікір алмасып, талды дұрыс отырғызу тәсілдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әкімнің айтуынша, әрбір отырғызылған көшет – ауданның болашақ экологиялық әл-ауқаты мен көркем келбетіне қосылған үлес.
Сонымен қатар, мұндай экологиялық шаралар аудан тұрғындарының бірлігін нығайтып, ортақ іске жұмылуына оң әсер етуде. Көгалдандыру жұмыстары елді мекендердің микроклиматын жақсартып қана қоймай, жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етеді.

Айта кетейік, аудан басшылығы алдағы уақытта да осындай игі шараларды жалғастырып, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отыр.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары