Түркістанда тұңғыш рет инклюзивті бағыттағы «Дара ұрпақ» театры ашылды,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Театрдың ашылу салтанатында ерекше жандардың қатысуымен «Жарық» мюзиклінің премьерасы сахналанды.

«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен тағылымды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жаңа театрдың ашылуымен құттықтады. Бұл мәдени бастама өңірдегі инклюзивті өнердің дамуына тың серпін беріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған маңызды қадам болды.
– Бұл жәй ғана театр емес, өнер мен жігер тоғысқан мүмкіндіктер алаңы. Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді тапсырған. Біз ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Бүгінде өңірімізде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, қажетті қолдау шаралары көрсетілуде. Қасиетті қаламызда инклюзивті бағытта ашылған алғашқы өнер ұжымы бүгін «Жарық» қойылымын ұсынып отыр. Өнерде де тең мүмкіндіктер қалыптастырып, ерекше қабілетті балалардың талантын танытуды мақсат еткен театрдың болашағы жарқын болады деп сенемін. Биылғы жылдың өзінде облыстағы кәсіби 3 театрда 310 қойылым көрсетіліп, 30-ға жуық премьера көрермен назарына ұсынылды. Қойылымдар еліміздің бірнеше аймақтарында сахналанып, халықтың ерекше ықыласына ие болды. «Дара ұрпақ» театры да осы өнер ұжымдары сияқты биік шыңдарды бағындырады деп сенемін. Себебі бұл театрда өнерлі, қайсар және аса талантты балаларымыз өнер көрсетеді, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, құрылтайшылар мен жас таланттарға алғысын білдірді.
Театрдың құрылтайшылары – әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көкенов сөз сөйлеп, бұл премьера жүректен туған өнердің, үзілмеген үміттің және ерекше жандардың үлкен жеңісі екенін атап өтті.
Мюзикл LED экраннан қатысушыларды таныстыратын бейнероликпен басталып, Әлидің әсерлі сахналық көрінісімен жалғасты. Қоларбадағы бишілердің топтық биі мен «Ерекше балалардың» нөмірі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар бейнеролик арқылы балалардың сурет байқауындағы ең үздік шығармалары көрермен назарына ұсынылды.
Сахна төрінде ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагнозы бар, көру және есту қабілеті шектеулі 70 талантты бала өнер көрсетті. Бұл қойылым – әр жүректегі үміт отын үлкен алауға айналдырған әсерлі туынды болды. Қайсар балаларды облыстың театр әртістері мен жас өнерпаздары қолдап, бірге өнер көрсетті.
Қойылым соңында барлық қатысушылар «Өмір сүр» әнін орындап, сахнаны жарық пен үмітке толтырды.
Шара соңында өңір басшысы Нұралхан Көшеров өнерпаздармен естелікке суретке түсіп, сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік, өңірде мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан аса бала бар. Облыста балаларға арналған 5 оңалту және 6 «Қамқорлық» орталықтарында 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілген. Сонымен қатар Түркістанда балалардың денсаулығын нығайтуға арналған заманауи оңалту орталығы ашылып, ерекше балалар мен жастарға арналған «Сауран» спорт клубы табысты жұмыс істеуде. Республикалық және халықаралық жарыстарда өңір спортшылары жүлделі орындардан көрініп жүр.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары