Түркістан қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің орындалу барысын талқылауға арналған жұмыс мәжілісі өтті,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Жиынға қала әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол төрағалық етті.

Мәжіліске жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, ішкі саясат, жастар саясаты, денсаулық сақтау саласы, мемлекеттік кірістер және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ жеке меншік медициналық орталықтардың басшылары қатысты. Бұл басқосу қала тұрғындарын МӘМС жүйесімен толық қамтуға бағытталған кешенді шараларды үйлестіру мақсатында ұйымдастырылды.
Жиын барысында қала бойынша МӘМС жарналары мен төлемдерін уақтылы төлемеу мәселесі, сақтандырылмаған азаматтардың үлесі, халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын күшейту, білім беру мекемелеріндегі және жұмыспен қамту орталығындағы түсіндіру шараларын жүйелеу қажеттілігі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар жеке емханалар тарапынан сақтандырылмаған азаматтарға қызмет көрсету тәртібі мен деректерді нақтылау мәселелері де күн тәртібіне шығарылды.

Қалалық орталық емхананың бас дәрігері Ғалым Мырзабеков пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Берік Исмаханбетов МӘМС пакеті аясында ұсынылатын медициналық қызметтердің көлемі, азаматтар жиі жолығатын сұрақтар және тұрғындардың сақтандыру мәртебесін анықтау тетіктері жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Баяндамаларда жүйенің тиімділігін арттыру және халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту жолдарына ерекше назар аударылды.

Жиынды қорытындылай келе, Аманжол Бекбол жауапты бөлімдерге тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сақтандырылмаған азаматтардың нақты тізімін айқындап, олардың мәртебесін реттеу бойынша тиісті шаралар қабылдауды және білім беру ұйымдарында ақпараттық түсіндіруді тұрақты форматқа енгізуді тапсырды. Мәжіліс барысында көтерілген мәселелерді шешу мақсатында жауапты органдарға нақты міндеттер жүктелді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары