Түркістан қаласының мәдени өмірінде маңызды орын алатын «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің 5 жылдық мерейтойына арналған «Белесті 5 жыл» атты салтанатты концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылды,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

2020 жылдың 28 қыркүйегінде есігін айқара ашқан кешен осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық деңгейдегі жүздеген мәдени, қоғамдық және іскерлік іс-шаралардың тұрақты өткізу алаңына айналды. Бес жыл ішінде «Конгресс Холл» Түркістанның мәдени брендіне айналып, өңір руханиятының дамуына тың серпін берді.
Кешен қала мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кәсіби өнерпаздар, мемлекеттік марапат иегерлері мен өз саласының білікті мамандары қызмет атқаратын іргелі мәдени орталық қалыптасты.
Мерекелік кеш барысында кешеннің шығармашылық ұжымдары — «JANA LEP» труппасы, «ALQONYR» фольклорлық ансамблі, «SAMGAU» би ансамблі және «КЕРУЕН» балалар би тобы көрермендерге мазмұнды да әсерлі өнер көрсетті. Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері, белгілі дирижер Еркін Нұрымбетовтің орындауындағы музыкалық нөмір кештің көркін айшықтай түсті.

Шараның құрметті қонақтары қатарында Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, сондай-ақ қалалық басқармалар мен мекемелердің өкілдері және мәдениет саласының ардагерлері болды.

Айта кетейік, бес жыл ішінде «Конгресс Холл» өңірдегі мәдени, қоғамдық және іскерлік шаралардың негізгі орталығына айналды. Осы кезеңде мұнда көптеген концерттер, форумдар, ресми кездесулер ұйымдастырылып, мыңдаған көрерменге қызмет көрсетілді. Мерейтой аясында кешеннің дамуына үлес қосқан қызметкерлерге қала басшылығы мен ұйым өкілдері тарапынан арнайы алғыс айтылып, ықылас гүлдері табысталды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары