Арыс қаласында ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосқан, ел құрметіне бөленген еңбек майталманы Боранбек Шүкірбекұлы Шүкірбековтің 95 жылдығына арналған салтанатты шара өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Іс-шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараав, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, қала ардагерлері, жастар, сондай-ақ Еңбек Ерінің ұрпақтары қатысты. Бұл тағылымды басқосу еңбек адамына деген зор құрметтің, ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі болды.
Кеш барысында қатысушыларға арнап еңбек ардагерінің өмірі мен қызметін зерделейтін бейнематериал ұсынылып, оның азаматтық болмысын ашатын театрландырылған көріністер қойылды. Өнерпаздар арнау өлеңдер оқып, Боранбек Шүкірбекұлының ел алдындағы еңбегі мен адамгершілік қасиеттерін айшықтап берді.
Шарада Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев сөз сөйлеп, Боранбек Шүкірбекұлының өңір ауыл шаруашылығын дамытудағы үлесін ерекше атап өтті. Әкім өз сөзінде 2025 жылдың – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануының маңызын айтып, еңбек адамының мәртебесін көтеру жолында осындай тағылымды шаралардың орны бөлек екенін жеткізді.

Мерейтойда Еңбек Ерінің қызы Айнаш Боранбекқызы да ортаға шығып, әкесінің өмір жолынан естеліктерімен бөлісті. Ол отбасы атынан ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, әкесінің бар ғұмыры адал еңбек пен ел мүддесіне қызмет етуге арналғанын атап өтті.
Сонымен қатар, шара аясында Абай атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхана Еңбек Ерінің өмір жолына арналған арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеде оның еңбек қызметіне қатысты құжаттар, фотоматериалдар, ғылыми еңбектері және ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін танытатын деректер көпшілік назарына ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері келушілерге тұлғаның өнегелі өмірі мен еңбегін жан-жақты таныстырды.

Боранбек Шүкірбекұлы шопандықтан бастап ірі шаруашылық басшылығына дейін көтеріліп, «Задарья» совхозындағы өндірістік көрсеткіштерді жаңа деңгейге жеткізді. Ол асылдандыру жұмыстарын күшейтіп, ғылыми тәсілдерді өндіріске енгізу арқылы өңірдің мал шаруашылығын дамытуға тың серпін берді. Сонымен қатар экономика ғылымдарының кандидаты атанып, отызға жуық ғылыми еңбек жазып, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары