▪️ Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында облыстағы әр саланың кіл мықтылары анықталып, «Үздік жастар премиясы – 2025» байқауының салтанатты марапаттау кеші жоғары деңгейде өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл кеш – өңір жастарының еңбегі мен ізденісіне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды.

▪️ Аталған байқау өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға серпін беріп, оның дамуына, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, ерекше үлес қосқан жас азаматтарды қолдау, сондай-ақ түрлі салада өзінің білімімен, талантымен, белсенділігімен дараланған жастарды кеңінен таныту және ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл құттықтау сөз сөйлеп, жастардың жетістіктері, олардың қоғамдағы рөлі мен ел болашағын қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Ол белсенді, білімді әрі бастамашыл жастар – өңір дамуының негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті.
▪️ Сонымен, «Үздік жас мұғалім» номинациясын бәйдібектік Әдбікәрім Андасұлы және сарыағаштық Дауренбек Миатұлы иеленді. «Үздік жас дәрігер» номинациясы бойынша шардаралық Бексейіт Қанатұлы және бәйдібектік Лаура Нұрғалиқызы лайық деп танылды. «Үздік жас спортшы» номинациясына келестік Асылжан Есболұлы ие болса, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясына сарыағаштық Асель Еркінқызы марапатталды.

«Үздік бейбіт өмір батыры» аталымы бойынша төлебилік Асыл Хамитбекұлы топ жарды. «Үздік жас кәсіпкер» аталымында сарыағаштық Сұңқар Бердалыұлының бағы жанып, «Таза Қазақстан» экологиялық жобасының үздік жасы номинациясын қазығұрттық Ақтөре Мейіржанұлы қанжығасына байлады. «Үздік жас полиция қызметкері» аталымы бойынша түркістандық Бақытжан Үсенұлы марапатталды.
Созақ, Қазығұрт және Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталықтары үздік деп танылса, «Үздік Жастар ресурстық орталығы КММ-нің маманы» номинациясы созақтық Зарина Қалдыбайқызына бұйырды.
«Үздік жас оқушы» аталымы бойынша түлкібастық Нұрислам Нұрланұлы, «Үздік жас әнші» атанған түркістандық Ақгүлім Қайырбекқызы, «Үздік жас жұмысшы маман» номинациясы бойынша Камила Рустемқызы марапатталды. Ал «Үздік жас волонтер» номинациясын түркістандық Асылзат Батырбекқызы иеленді.
Сондай-ақ «Үздік жас блогер» номинациясы түркістандық Бақдаулет Ерланұлына бұйырды. «Үздік жас тілші» аталымы бойынша түркістандық Қымбат Мұнсызбайқызы және Жұлдыз Батырбекқызы жеңімпаз атанды. «Үздік жас отбасы» номинациясын сарыағаштық Әуезхановтар отбасы алса, «Үздік жас ІТ маман» болып сарыағаштық Низамаиддин Курванжанович лайық деп танылды.

«Үздік шығармашылық ұжым» номинациясы «OzgeEpic CreativeHub» ұжымына табысталды. Сонымен қатар, «Үздік жас студент» аталымы бойынша жетісайлық Әдемі Муханқызы марапатқа ие болды. Айта кетейік, жастар сыйлығына әр аталым бойынша қаржылай сыйлық тағайындалып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары