Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында балаларға арналған «Ақылдыммен ақылдымын» облыстық білім мен шығармашылық байқауы өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл тағылымды шара жас оқырмандардың білімін шыңдап, шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Іс-шара Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, республикалық «Ақылдым» балалар журналының бастамасымен және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан өткізілді. Дәстүрге айналған байқау жыл сайын қатысушылардың аясын кеңейтіп, мазмұны жағынан толығып келеді.
Байқаудың негізгі мақсаты – балалардың кітап пен баспасөзге деген қызығушылығын арттыру, оларды тұрақты оқуға баулу, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ жас таланттарды қолдау және олардың дарынын ашуға мүмкіндік беру.
Салтанатты шара кітапхана фойесінде ұйымдастырылған инсталляциялық кітап көрмесімен басталды. Көрмеде балалар әдебиетінің алтын қорындағы классикалық туындылар мен заманауи басылымдар, сондай-ақ республикалық «Ақылдым» балалар журналы көпшілік назарына ұсынылды. Ашылу рәсімінде қатысушылар мен қазылар алқасы қызыл кілем арқылы салтанатты түрде қарсы алынып, байқаудың маңызын айқындай түсті.

Байқау үш кезең бойынша өтті:
1️ «Мен қандай адам боламын» – шығарма жазу;
2️ «Баспасөзбен бірге өсіп келемін» – қабырға газеттерін таныстыру;
3️ Балалар әдебиетінен немесе «Ақылдым» журналынан оқыған шығармаларын сахналау.
Аудандық іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша Түркістан облысының 18 ауданынан үздік деп танылған жас оқырмандар ақтық сынға жолдама алды. Қатысушылардың білім деңгейі мен шығармашылық шеберлігін бағалау үшін қазылар алқасы жұмыс істеді. Қазылар құрамында тәжірибелі журналистер, ақындар, білім және кітапхана саласының білікті мамандары болды.

Айта кетейік, фойеде өткен екінші кезең – «Баспасөзбен бірге өсіп келемін» бөлімі жас ұрпақтың кітапқа, оқуға және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырған мазмұнды әрі әсерлі кезең ретінде көрермен көңілінен шықты.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары