Кітапхананың ұйымдастыруымен «Ақпарақ менің майданым» атты кітапханалық танымдық ашық сабақ өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл тағылымды шара көрнекті журналист, қаламгер Төрекелді Байтасовтың туғанына 70 жыл толуына арналды. Ашық сабақтың негізгі мақсаты – жас ұрпаққа қаламгердің өмірі мен шығармашылығын таныстыру, ақпарат пен сөздің құдіретін ұғындыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу болды.

Сабаққа арнайы қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері Несіпкүл Мейманханқызы, журналист, Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекшісі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Төрекелді Байтасовтың ұлы – Төребек Байтас, сондай-ақ кітапхана қызметкері, өлкеміздің ақыны, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Сирдаш» сыйлығының иегері Сайлаухан Жоланов қатысты. Қонақтар кештің кейіпкері – Төрекелді Байтасов туралы естелік әңгімелер айтып, оның азаматтық болмысы мен шығармашылық мұрасы жайында тағылымды ойларымен бөлісті.

Сабақ LED-экран арқылы ұсынылған Төрекелді Байтасовтың өмірі мен еңбек жолын баяндайтын бейнероликпен басталды. Бұл бейнематериал оқушылардың қызығушылығын арттырып, қаламгер тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Оқушылар үш топқа бөлініп, нақыл сөздер арқылы өз топтарының атауларын анықтады. Бұл тәсіл қатысушылардың ойлау қабілетін дамытып, сабаққа белсенді араласуына ықпал етті.
Шара барысында Төрекелді Байтасовтың «Қарлығаштың хикаясы» шығармасы бойынша жан-жақты талдау жүргізіліп, оқушылар сұрақ-жауапқа қатысып, шығармадан түйген ойлары мен алған өмірлік сабақтарын ортаға салды. Сонымен қатар ақынның өлеңдері мен нақыл сөздері негізінде қызықты әрі мазмұнды танымдық тапсырмалар ұйымдастырылды.

Іс-шара соңында қатысушылар ашық сабақтан алған әсерлерімен бөлісіп, қонақтарға шынайы алғыстарын білдірді. Танымдық мәні зор, рухани әсері терең, мазмұны бай бұл ашық сабақ жоғары деңгейде өтіп, оқушылардың рухани дүниесін байыта түсті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары