Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында бас редактор, Созақ ауданының «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қаршығабек Қамбарбек дайындаған «Аңыз бен Ақиқат» және «Жаңғырық» журналдарының ресми таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Маңызды мәдени-рухани шара қос басылымның мазмұны мен маңызын кеңінен таныстыруға арналды.

Аталған шараның мақсаты – журналдардың құрылымы мен мазмұнын көпшілікке таныстыра отырып, олардың ұлттық руханиятқа қосатын үлесін айқындау. Сонымен қатар қос басылымның негізгі бағыты болып саналатын тарихи деректер мен рухани мұраны зерделеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, өткен мен бүгіннің сабақтастығын тереңірек түсіндіру секілді міндеттер кеңінен қамтылды.
Таныстырылымға Түркістан облысы мәслихат депутаты, AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Калыйма Жантөреқызы, облыстық Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, сондай-ақ өңірдің зиялы қауымы, мәдениет және өнер саласының өкілдері, ғылыми-педагогикалық орта, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Қатысушылар қос басылымның жарық көруін құптап, олардың ұлттық сананы нығайтудағы маңыздылығына ерекше тоқталып, жылы лебіздері мен құттықтауларын білдірді.
Іс-шара соңында бас редактор Қаршығабек Қамбарбек журналдардың алдағы уақыттағы бағыты, шығармашылық ұстанымы мен рухани миссиясы жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ ұлттық мұраға қатысты көзқарасын білдіріп, оқырман қауым үшін жоспарланған жаңа жобалардың маңызы мен қоғамға берер рухани серпініне тоқталды.

Айта кетейік, «Аңыз бен Ақиқат» және «Жаңғырық» журналдары ұлттық тарихтың тұғырын нығайтып, рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды ақпараттық-танымдық жобалар ретінде өз оқырманын табарына сенім мол.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары