Түркістан облысы мал шаруашылығы саласын дамытуда республика көлемінде айрықша орынға ие өңірлердің бірі саналады, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бүгінде облыста жалпы 6,6 млн бас мал тіркелген. Атап айтқанда, ірі қара мал саны 1 млн 78 басқа жетіп, 135,3 пайызды, қой-ешкі 4 млн 368 мың басқа жетіп, 101,3 пайызды, жылқы 475,3 мың басқа жетіп, 115,6 пайызды, ал түйе саны 39,5 мың басқа жетіп, 103,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштер өңірде мал шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқанын айқын аңғартады.

Осыған байланысты 2025–2026 жылдарға арналған мал қыстату науқанынан ойдағыдай шығу мақсатында министрлік тарапынан 5,2 млн тонна мал азығын жинау жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес қажетті көлем толық дайындалды. Оның ішінде 376,3 мың тонна сабан, 236,6 мың тонна пішендеме, 4 380,3 мың тонна шөп және 206,6 мың тонна сүрлем қоры жасақталды.
Қазіргі таңда облыс аумағында мал азықтық қорды толықтыру және алдағы қыс маусымында мал басын сақтау мақсатында «ALTYN NAN» ЖШС арқылы шаруаларға қажетті жем-шөпті төмендетілген бағамен тікелей жеткізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бастама аясында өңірдегі агроқұрылымдарға бидай нарықтағы бағадан 20–30 пайызға арзандатылып, шамамен 90 теңгеден сатылуда.
Табиғи-климаттық ерекшелігін ескере отырып, қысы қатал саналатын Созақ ауданының шаруаларына жалпы 500 тонна мал азықтық бидай жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін аудан шаруаларына 68 тонна бидай жеткізілді. Бұл шара жергілікті мал иелерінің қыстаққа дайындығын күшейтіп, мал шығынының алдын алуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта аталған мал азықтық бидай Бәйдібек, Төлеби, Түлкібас, Арыс, Ордабасы, Сайрам және Сауран аудандарының шаруаларына да кезең-кезеңімен жеткізілетін болады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары