Түркістан қаласындағы №32 жалпы орта мектебінде оқушылардың ойлау қабілеті мен логикалық дағдыларын дамыту бағытында жаңа бастама қолға алынды,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Мектепте арнайы жабдықталған шахмат кабинеті ашылып, әр қабаттың фойесіне оқушылардың қолжетімді түрде ойнауына арналған шахмат тақталары орнатылды.

Бұл бастама білім алушылардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және ой еңбегіне деген қызығушылығын күшейтуге бағытталған. Шахмат ойынын мектеп өміріне кеңінен енгізу арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту көзделіп отыр.
Шахмат – баланың көрнекі-бейнелі ойлауын дамытып, шешім қабылдау, талдау және табандылық дағдыларын қалыптастыратын интеллектуалды ойын. Осыған байланысты мектепте бұл бағытқа қызығушылық жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда 1–4 сыныптан 150 оқушы, 5–7 сыныптан 45 оқушы тұрақты түрде шахмат үйірмесіне қатысуда.
Мектеп директоры Айгүл Абайқызы бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті:
«Шахмат – жай ғана ойын емес, баланың ми қабілетін шыңдайтын күшті құрал. Үйірмеге қатысып жүрген балалардың сабаққа ынтасы артып, ойлау жылдамдығы мен зейіні жақсарғанын байқап отырмыз. Ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Олар баласының бос уақытын тиімді өткізіп, өзіне сенімді бола түсуін қолдайды. Біз үшін әр баланың жан-жақты дамуы – басты мақсат», – деді мектеп директоры.
Оқушылардың шахматқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жуырда мектепке халықаралық гроссмейстер Нұрлан Болатұлы Ыбраев арнайы келіп, жас шахматшыларға шеберлік сабағын өткізді. Кездесу барысында тәжірибелі маман балалармен ой бөлісіп, пайдалы кеңестерін ұсынып, ата-аналар үшін де үлкен мотивация сыйлады.
Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша 42 мектепте шахмат пән ретінде оқытылса, 1500-ге жуық білім беру ұйымында шахмат үйірмелері тұрақты түрде жұмыс істейді.
2027 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Түркістан облысындағы шахмат үйірмелерінің саны одан әрі артып, жасөспірімдердің интеллектуалдық дамуына кең мүмкіндік берілмек.

Шахмат – баланың болашағын өзгерте алатын, ой-сананы дамытатын маңызды интеллектуалды инвестиция.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары