Түркістан облысында жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылды,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырыс алатын жалпы 157 жекеменшік мектеп бар. Аталған білім беру ұйымдары 2024–2025 оқу жылының соңына дейін «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан қаржыландырылып келген. Алайда жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру үдерісінде бірқатар сәйкессіздіктер анықталды.
Атап айтқанда, Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын кейбір оқу орындарында тіркелген балалардың іс жүзінде басқа мектептерде оқитыны белгілі болды. Осы түйіткілді мәселелерді шешу мақсатында елімізде жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Енді төлемдер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Өңірдегі 157 жекеменшік мектеп ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ-ның «e-Qazyna» порталында тиісті құжаттарын жүктеп, келісімшарттар жасасты. Барлық мәліметтер жан-жақты тексеріліп, «e-Qazyna» жүйесіне енгізілгеннен кейін көрсетілген қызметтердің орындалу актілері рәсімделіп, Қаржы орталығына жолдануда.
Қазіргі таңда облыстағы 110 жекеменшік мектепке қаржы аударылды. Нәтижесінде 25 мыңнан астам оқушыға және 4 мыңнан аса жекеменшік мектеп қызметкеріне ұсынылған құжаттарға сәйкес төлемдер толық жүргізілді. Ал қалған жекеменшік мектептер бойынша оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіштері мен олардың өзге білім беру ұйымдарына ауысу деректері «BilimClass.kz» платформасы арқылы тексерілуде. Бұл төлемдер жыл соңына дейін толық көлемде жүзеге асырылады.

Айта кетейік, қаржыландыру тек нақты оқып жүрген оқушыларға ғана жүргізіледі. Барлық деректер расталғаннан кейін ғана төлемдер рәсімделеді. Осылайша, қаржылық ашықтық пен әділдік қамтамасыз етіліп, бірде-бір жекеменшік мектеп назардан тыс қалмайды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары