Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі түрде жалғасуда,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аталған бастама аясында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында «Бірлік аллеясы» ашылып, 150-ге жуық ағаш егілді.

Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында өткен шараға Түркістан облысының мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев, сондай-ақ басқарма және департамент басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді ерікті жастар қатысты.
– Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін ағаш отырғызу арқылы атап өту – үлкен символдық мәнге ие. Себебі жемқорлыққа қарсы күрес те табиғатты қорғау сияқты табандылықты, тазалықты және үздіксіз жаңаруды талап етеді. Ағаш отырғызу арқылы біз қоғамда жаңаруға деген ұмтылысты нығайтып, келешек ұрпаққа жасыл әрі таза орта қалдырамыз, – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Әбдісаттарұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол табиғатты аялау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте барша қоғам өкілдерін бірлесе әрекет етуге шақырды.

Шара соңында қатысушыларға арналған шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Айта кетейік, биылғы жылдың күзгі маусымында өңірде 500 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелері арқылы 400 мыңнан аса көшет босатылып, егілуде. Олардың қатарында қарағай, терек, қарағаш және үйеңкі сынды ағаш түрлері бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары