Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов жұмыс күнін жасыл аймақты аралаудан бастады,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Ол жаңа әуежай бағытындағы жол бойында орналасқан «Жасыл белдеуде» ағашты күтіп-баптау және күзгі толықтыру жұмыстарының барысын тексеріп, жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Басқарма басшысы «Жасыл белдеуді» одан әрі жайқалту үшін көшеттерді жүйелі күтіп-баптау, суару жүйесін жетілдіру, табиғи тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және жергілікті климатқа бейімделген, өнімділігі жоғары ағаш түрлерін көбірек отырғызу қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ағаштардың қалың әрі біркелкі өсіп, жасыл аймақтың экологиялық маңызын арттыру – баршаға ортақ міндет екенін айтты. Осы ретте нақты жерсінетін, өміршең ағаш түрлерін ғана егудің маңыздылығына тоқталды.
Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кешенді жоспарға сай, «Жасыл аймақ» КММ тарапынан 900 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланған. Қазіргі таңда №4 Теке орманшылығындағы (Түркістан – Шәуілдір тас жолының оң жақ беті) аумақ толық дайындалып, алдағы уақытта сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталмақ.
Сонымен қатар 2021–2023 жылдары сексеуіл тұқымынан себілген алқаптарды толықтыру мақсатында жалпы аумағы 2200 гектар жерге қосымша сексеуіл тұқымын себу жұмыстары желтоқсан айына жоспарланған. Жалпы барлық орманшылықтарда толықтыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп көзделіп отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болып, жасыл аймақтарды сақтау мен көбейту ісі алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары