Түркістан облысында «Бәйдібек-ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы қарқынды түрде жалғасуда,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аталған нысандар өңірдің су қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығы саласын тұрақты сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жобалар саналады.
Көлемі 68 млн текше метр болатын «Бәйдібек-ата» су қоймасы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында, Балабөген мен Үлкен Бөген өзендерінің қосылатын тұсында, жалпы аумағы 860 гектар жерге салынып жатыр. Су қоймасы бөгетінің ұзындығы 1,75 шақырымды, ал биіктігі 26 метрді құрайды.
Бұл нысан тасқын суды жинақтап, вегетациялық кезеңде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба аясындағы құрылыс жұмыстарының 75 пайызы орындалған.
Сонымен қатар «Бәйдібек-ата» су қоймасынан Бөген су қоймасына су жеткізу үшін «Сарқырама» каналының құрылысы жүргізілуде. Ұзындығы 21,7 шақырым болатын канал секундына 12 текше метрге дейін су өткізе алады және 2,5 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етуге арналған. Бүгінде ұзындығы шамамен 21 шақырым болатын учаскедегі құрылыс жұмыстары толық аяқталған.
Ал көлемі 1,2 млн текше метрді құрайтын «Қарақуыс» су қоймасы Түркістан облысының Төлеби ауданында бой көтеруде. Қазіргі уақытта бұл нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Жоба іске қосылғаннан кейін 500 гектар суармалы жер тұрақты сумен қамтылмақ.

– Барлық жұмыс заманауи сапа стандарттарына сай жүргізіліп жатыр. Жаңа су қоймалары тасқын және еріген қар суларын тиімді пайдалануға жол ашады. Бұл су ресурстары азайып жатқан жағдайда аса маңызды. Қосымша суармалы алқаптарды игеруге, сондай-ақ Бөген су қоймасындағы су деңгейін қауіпсіз реттеуге мүмкіндік туады. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы мен туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалады. Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, Бөген өзені арқылы орташа жылдық су ағыны 165 млн текше метрге жетеді. Сондықтан бұл суды жинап, азаматтардың қажеттілігіне бағыттау маңызды, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары