Елімізде жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Атап айтқанда, Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» және Түркіменстанмен шекарада орналасқан «Темір баба» пункттері. Аталған нысандардың ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде өткенін айта кету керек. Бұл бастама еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға және халықаралық жүк айналымын жеделдетуге бағытталған маңызды қадам саналады.

«Қазығұрт» өткізу пунктінің ресми ашылуына ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Ашылу салтанатында тараптар жаңа инфрақұрылымның өңірлік және ұлттық экономика үшін маңызын атап өтті.
Қаржы министрі жаңғырту бағдарламасы Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекараларда орналасқан барлығы 9 өткізу пунктін қамтығанын жеткізді. «Қапланбек», «Атамекен», «Қалжат» және «Алакөл» сияқты бірқатар нысандардағы жұмыстар толық аяқталған. Ал жыл соңына дейін «Тәжен», «Майқапшағай» және «Бақты» өткізу пункттерін жаңғыртудан өткізу жоспарланып отыр.
Жөндеу жұмыстары көлік қозғалысы мен жүк өткізу процесіне кедергі келтірмей жүзеге асырылды. Осы мақсатта уақытша қозғалыс схемасы ұйымдастырылып, бұл кептелістің алдын алып, жүк және жолаушылар тасымалының үздіксіз жүруін қамтамасыз етті.
Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде өткізу пункттерінде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарып, өткізу қабілеті тәулігіне 1 000 көлікке дейін артты. Қазіргі таңда жаңартылған пункттер арқылы өтетін көлік ағыны 2,5 есе көбейген. Мәселен, 2022 жылы шекараны 640 мың автомобиль кесіп өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға жеткен.
«Қазығұрт» өткізу пункті – халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи технологиялық кешен. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, рентген-телевизиялық қондырғылар, тепловизорлар және радиациялық бақылау құралдары іске қосылған. Қозғалыс ағыны жаяу жүргіншілер, жеңіл және жүк көліктері болып жеке-жеке бөлінген. Бұл қауіпсіздікті арттырып, шекарадан өтуді барынша ыңғайлы етеді. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған.
Инфрақұрылымды жаңартумен қатар министрлік кеден рәсімдерін цифрландыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Keden ақпараттық жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп, толық интеграцияланған цифрлы кеден жүйесіне көшу көзделген. Аталған жүйе экспресс-жүктермен жұмысты, тауарларды есепке алуды және виртуалды қоймаларды автоматтандырды. Қазіргі таңда жасанды интеллект негізінде тауарлар мен қызметтерді декларациялау модулін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – электронды декларацияның толық циклін аяқтап, 2026 жылдан бастап тиімділікті бақылау, сараптау және бағалау үшін жаңа модульдерді енгізу. Бұл бизнес субъектілері үшін рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетіп, қызмет көрсету жылдамдығын арттырады.

Бұдан бөлек, сәуір айында Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек Жолы» өткізу пунктін ауқымды жаңғырту басталған болатын. Жаңа кешен жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді құрайтын екі заманауи жолаушылар терминалын және автокөліктерге арналған бірыңғай шатырды қамтиды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 2026 жылдың шілде айында өткізу пунктінің өткізу қабілеті тәулігіне 70 мың адамға дейін және 2 мың жеңіл автомобильге дейін ұлғаяды деп жоспарланған.
Инновациялық бағыттардың бірі ретінде Қытаймен бірлесіп қолға алынған «Бақты–Покиту» жобасын атап өтуге болады. Қытай тарапы екі аумақта да толық автоматтандырылған логистикалық орталықтар салуға шамамен 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды көздеп отыр. Жоба аясында ұшқышсыз басқарылатын электр шаттлдарын пайдалану, «ақылды» логистика, AGV-терминалдар, зарядтау стансалары енгізіліп, өңірдегі ең озық технологиялық көлік дәліздерінің бірі қалыптастырылады. Сонымен қатар, екі мемлекеттің цифрлық жүйелерінің толық интеграциясы қамтамасыз етіледі.

«Жаңа өткізу пункттерін іске қосу – мемлекеттік органдардың, инженерлердің, құрылысшылардың және шекара қызметі мамандарының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Біз Қазақстанды ашық, сенімді және бәсекеге қабілетті транзиттік хаб ретінде қалыптастыратын заманауи әрі технологиялық инфрақұрылым құруға басымдық беріп келеміз. Өткізу пункттерін жаңғырту – Мемлекет басшысының еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған жүйелі қадам. Бұл сауданы дамытуға, бизнестің жұмысын жеңілдетуге және Қазақстанды өңірдің негізгі логистикалық торабына айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Мәди Такиев.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары