▪️Елімізде жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті ашылды. Нақтырақ айтқанда, Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» және Түркіменстанмен шекарада орналасқан «Темір баба» заманауи технологиялық өткізу пункттері пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру жөніндегі жүйелі әрі стратегиялық қадам.

▪️Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылында орналасқан «Қазығұрт» өткізу бекетінің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің жауапты өкілдері қатысты. Ашылу рәсімі халықаралық сауда мен логистика саласындағы маңызды инфрақұрылымдық жетістіктің айқын көрінісіне айналды.
▪️ҚР Қаржы министрі көпшілікті нысанның ашылуымен құттықтап, бұл бекеттің еліміз бен көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуда айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, шекаралық аймақтарда заманауи әрі тиімді инфрақұрылымды дамыту – елдің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, сыртқы сауданың тұрақты өсіміне және логистикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негіз болады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те жаңғыртылған нысанның маңыздылығына тоқталып, кеден бекетінің жұмысына сәттілік тіледі.
– Бұл нысан – мемлекетіміздің көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған нақты қадамы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткен «Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші көлік хабына айналдыру» жөніндегі стратегиялық міндеттердің жүзеге асуының айқын көрінісі. Биыл республика көлемінде 8 кеден бекеті толық жаңғыртылып, пайдалануға беріледі. Осы бағытта облысымызда да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде бүгін заманауи талаптарға сай қайта жасақталған «Қазығұрт» кеден бекеті іске қосылып отыр. Бұл бекет Еуропа мен Қытайды Орта Азия арқылы жалғайтын маңызды көлік дәлізінде орналасқан. Кеден саласын жаңарту – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, транзиттік әлеуетті күшейтудің негізгі тетігі. Жаңғыртылған «Қазығұрт» кеден бекеті өңір экономикасының дамуына, халықаралық сауда қатынастарының нығаюына тың серпін береді деп сенемін, – деді облыс әкімі.

▪️Іс-шара барысында шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар, техникалық жарақтандыру деңгейі және жүргізілген кешенді өзгерістер жан-жақты таныстырылды.
▪️Нысанды реконструкциялау жұмыстары 2023 жылы басталған. Жаңғырту аясында көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габаритті өлшеу жүйелері, рентген-телевизиялық қондырғылар, тепловизорлар және радиациялық бақылау құралдары орнатылды. Қауіпсіздік пен қозғалыстың тиімділігін арттыру мақсатында жаяу жүргіншілер, жеңіл және жүк көліктері үшін жеке қозғалыс ағындары қарастырылған. Жүк көліктеріне техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер енгізілді.
▪️Кеден бекеті заманауи техникалық құралдармен және цифрлық сервистермен толық жабдықталып, өткізу қабілеті едәуір артты. Бұрын тәулігіне екі бағытта 250 жүк көлігін өткізу мүмкіндігі болса, бүгінде бұл көрсеткіш тәулігіне 1 000 жүк көлігіне дейін жетті. Сонымен қатар бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейтіліп, жүк көліктеріне арналған жолақтар саны 2-ден 6 жолаққа дейін ұлғайтылды.
▪️2025 жылдың алғашқы 11 айының қорытындысы бойынша «Қазығұрт» кеден бекеті арқылы өткен тауар айналымы мен көлік қозғалысы айтарлықтай артқан. Импорт көлемі 155,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5%-дан астам өсім көрсетсе, экспорт көлемі 252,4 млн АҚШ долларына жетіп, 57%-ға ұлғайған. Жүк көліктерінің саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,6 мың бірлікке артты.
▪️Сонымен қатар «Шымкент – ӨР шек. Жібек жолы ө/п» автомобиль жолының «Қазығұрт» кеден бекетіне кіреберісіндегі 230 метр жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол жабыны жаңартылып, қозғалыс бөлігі 2 жолақтан 4 жолаққа дейін кеңейтілді. Жаяу жүргіншілер жолы салынды, жарықтандыру, қоқыс жәшіктері мен суағар жүйелері орнатылды.
▪️Іссапар соңында министр Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пунктіне барып, ондағы реконструкция жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс сапасы мен нысанды белгіленген мерзімде тапсырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
▪️Айта кетейік, облыстағы «Атамекен», «Б.Қонысбаев» және «Қапланбек» кеден бекеттері де толық жаңғыртылып, халықаралық көлік дәліздеріндегі үздіксіз әрі кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етуде. Ал «Жібек жолы» өткізу пунктін толық қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарланған.

▪️Жалпы Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шекара ұзындығы 965 шақырымды құрайды. Бұл аумақта 6 кеден бекеті мен 2 бақылау-өткізу пункті орналасқан.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары