Түркістан облысы аумағында қысқы маусымда қызмет көрсететін мекемелерде жалпы 139 бірлік техника, 4 200 тонна тұз, 15 190 тонна құм, 377 тонна дизель отыны, 196 тонна бензин, 160 тонна көмір және 1 225 дана «Тайғақ жол» ескертуші тақтайшалары толық дайындалған. Қар құрсауында және күрделі метеожағдайларда зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін облыс аумағында 14 жылыту пункті жұмыс істейді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл туралы баспасөз жиынында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Дәурен Жүсіпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыс аумағында қар қалың жауатын жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 404,4 шақырымды құрайды. Осыған байланысты Бәйдібек және Созақ аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналастырылған.
– Аталған жылыту бекеттері қазіргі таңда 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілген. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуі үшін кезекшілік ұйымдастырылып, бекеттер жылы күйде ұсталуда. Жылыту пункттері бір мезетте 60 адамды қабылдай алады. Қазіргі уақытта департаменттің жол талғамайтын техникалары толық дайындықта кезекшілікке қойылды. Сонымен қатар, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан 3 трассалық-медициналық құтқару пунктін қажет болған жағдайда жылыту пункттері ретінде пайдалануға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, төтенше жағдай аймақтарынан жедел ақпарат алмасу мақсатында департаменттің 8 бірлік спутниктік телефоны тұрақты жұмыс істеп тұр, – деді Дәурен Жүсіпов.

Сала басшысы биылғы қыс мезгілінде атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Оның мәліметінше, қыс кезеңінде облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 23 рет уақытша жабылып, қар құрсауында қалған 135 адам құтқарылып, қауіпсіз жердегі жылыту бекеттеріне эвакуацияланған.
Сондай-ақ, брифинг барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелханов қыс мезгіліндегі өрт қауіпсіздігі бойынша баяндама жасады.
– Биыл облыс көлемінде барлығы 443 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 263-і тұрғын үйлерде орын алған. Тұрғын үйдегі өрттердің салдарынан келген жалпы материалдық шығын 509 млн 322 мың теңгені құрады. Өрттің негізгі себептерінің басым бөлігі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Өрт салдарынан 21 адам қаза тауып, 18 адам түрлі деңгейде жарақат алды, – деді спикер.
Оның айтуынша, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Полиция департаментімен бірлесіп, Жаңа жылдық мерекелерге дайындық және өткізу кезеңіне арналған профилактикалық іс-шаралар жоспарын бекіткен. Аталған жоспар аясында өңірде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Сонымен қатар, облыс аумағында газ баллондарын көлік құралдарында заңсыз пайдалану деректерін анықтау мақсатында 51 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын бұзудың 37 фактісі анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданған. Бұдан бөлек, жоспарға сәйкес 20–31 желтоқсан аралығында облыс көлемінде «Пиротехника» жедел-профилактикалық акциясы өткізіледі.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары