▪️Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өңірде жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлар өкілдерімен кездесу өтіп, онда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптары кеңінен түсіндірілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Мәжіліс инвестициялық жобалардың заң аясында тиімді әрі ашық жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталды.

▪️Кездесуге Түркістан облыстық полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Аида Смағұл, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова, сондай-ақ «Тұран» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебеков қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан аумағында жұмыс істеу тәртібі, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат рәсімдеу жолдары, көші-қон және еңбек заңнамасының негізгі талаптары, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері, сондай-ақ инвестициялық жобаларды заңды негізде іске асыру мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
▪️Бүгінгі таңда Түркістан облысында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 165,5 млн АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, тұрақты жұмыс істеп тұр. Аталған жобалар аясында мақта-мата өндірісі, ірі қара мал сүйегінен май мен желатин компоненттерін өндіру, көкөністерді кептіру және қайта өңдеу, бейнебақылау камералары мен еден жабындыларын шығару жолға қойылған. Сонымен қатар қуаттылығы 300 МВт болатын күн электр станциясы іске қосылған.
▪️Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде жұмыс барысында заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Іскерлік байланыстарды нығайту – өнеркәсіптің тұрақты дамуының негізі. Ал сенімді серіктестік – бүгінгі таңда ең маңызды ресурс. Сіздер мен біздердің арамызда жауабы жоқ сұрақ болмауы тиіс. Барлық мәселе ашық әрі заң шеңберінде шешілуі керек, – деді ол.

▪️Жиын барысында жауапты сала өкілдері Еңбек заңнамасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, жұмыс күшін тіркеу, рұқсат алу және құжаттандыру ережелеріне тоқталды. Компания өкілдері тіркелім мерзімдері, салық заңнамасы, еңбек қатынастары бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті мамандардан нақты жауаптар алды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары