Түркістан облысының Келес ауданында Келес өзені арқылы өтетін ескі көпірдің орнына жаңа көпір салу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz. Мәселе облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көпірді және оған іргелес инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар белгіленген тәртіппен кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларымен бірге оқиға орнына барып, көшпелі кеңес өткізді. Кеңес барысында жаңа көпір салу мәселелері талқыланып, тиісті ұйымдастыру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда жобалау ұйымымен жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Аталған көпір 1970 жылдары салынған. Ұзындығы – 54 метр, ені – 11 метр, биіктігі – 6,5 метр. Көпір арқылы Ушқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас және Ұшқын елді мекендерінің тұрғындары Абай ауылымен көлік қатынасын жүзеге асырып келген.
– Аталған көпір 55 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Күн сайын ол арқылы мыңдаған тұрғындар мен жүздеген автокөлік қатынаған. Пайдалану мерзімі аяқталып, тозу деңгейі шекті көрсеткішке жеткен. Бірнеше мәрте жүргізілген жөндеу жұмыстары қажетті нәтиже бермеді. Ең бастысы – адам шығынына жол берілген жоқ. Қауіптің алдын уақытылы алу мүмкін болды. Қозғалыс жедел түрде тоқтатылды. Төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдар жедел әрекет етті. Жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды. Бұл жобаны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында. Жағдай тұрақты, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Бірнеше күн қатарынан жауған нөсер жаңбырдың салдарынан көпірде жарықтар пайда болып, орталық тіректерінің шөгу белгілері анықталған. Соның нәтижесінде апатты жағдай туындап, көпір арқылы автокөлік қозғалысы шектеліп, нысан уақытша жабылды. Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында адам шығыны мен материалдық залалға жол берілген жоқ. Зардап шеккендер жоқ.

Айта кетейік, 2010 жылы көпірде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2024 жылы «Оңтүстік жолдары» МКК тарапынан жағалауды бетонмен бекіту және өзен түбіне ірі тас (булыжник) төсеу жұмыстары атқарылған. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаның негізгі себебі – көпірдің ұзақ жылдар бойы пайдаланылуы және тірек бағандарының түбінің шайылуы.
Көпір Түркістан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының балансында тұр. Қазіргі уақытта автокөлік қозғалысы уақытша айналма жолдар арқылы ұйымдастырылған. Алпамыс батыр және Біртілек ауылдық округтері арқылы ұзындығы 10–15 шақырым болатын айналма жолдармен қатынауға мүмкіндік бар.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің, полицияның және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмысын жалғастыруда. Алдағы қалпына келтіру шараларын нақтылау мақсатында техникалық тексеру жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар көпір арқылы өткен «Дарбаза» ТСЖ-ның су құбыры зақымдануына байланысты Қошқаратын ауылдық округінің Ушқын елді мекеніндегі 136 абонент уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Қазіргі таңда 136 үйге тәулігіне екі рет үш арнайы автоцистерна арқылы су жеткізілуде. Су беру жүйесі толық қалпына келтірілгенге дейін су тасымалдау жалғасады.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Ұшқын елді мекеніндегі 40 оқушы ағымдағы тоқсан аяқталғанға дейін қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары