Түркістан облысында 2026 жылға үйірлі шегірткелерге қарсы 421,594 гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оған қоса, өңірде шегіртке зиянкесінің таралуын төмендету мақсатында 1454,7 гектар аумақта жер жырту жұмыстарын ұйымдастыру көзделіп отыр, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Аталған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде зиянкестердің көбею қаупі төмендеп, ауыл шаруашылығы алқаптарының сақталуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Қазіргі таңда шегіртке дернәсілдерінің жаппай көбеюінің алдын алу және зиянкестерді ерте кезеңде жою мақсатында топырақты аудару және өңдеу жұмыстары басталып кетті. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесінде дернәсілдер шоғырланған аумақтардың нақты координаттары анықталған. Бүгінгі күнге дейін 115 гектар жер жыртылып, өңделген аумақтардағы күбіршелерге ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Өңделетін барлық жер көлемі Облыстық болжам-әдістемелік орталығы жүргізген мониторинг қорытындылары негізінде айқындалып, жұмыстар нақты координаттар бойынша жүзеге асырылуда. Бұл тәсіл шегіртке ошақтарын дәл анықтауға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жұмыстармен облыс бойынша 8 аудан мен қала қамтылады. Атап айтқанда, Арыс қаласы, Сарыағаш, Бәйдібек, Келес, Шардара, Сауран, Ордабасы және Қазығұрт аудандарында жер жырту жұмыстары жүргізу жоспарланған. Жалпы облыс көлемінде бұл мақсатта 90-ға жуық арнайы техника тартылып отыр.
Жер жырту және химиялық өңдеу шаралары ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін сақтауға, егістік алқаптарына төнетін қатерді азайтуға және фитосанитариялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысы аумағында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 715 мың гектар жерге жүргізілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары, яғни зиянкестерге қарсы күрес ауқымы жыл сайын күшейтіліп келеді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары