Келес ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Тоқаш Бердияровтың туғанына 100 жыл толуына орай тағылымы терең, рухани мәні зор мерейтойлық іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл шара ел тарихында өшпес із қалдырған қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталды.

Алдымен Бесқұбыр ауылында орналасқан ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы барып, тағзым жасап, ақын рухына құрмет көрсетті. Бұл рәсім – елге еңбегі сіңген тұлғаға деген халықтың шынайы ықыласының көрінісі болды.
Мерейтойлық жиын Ә.Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда «Ақын рухы ел есінде» атты өлең-жыр байқауы ұйымдастырылып, оған ауданға қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты. Жас өрендер ақынның шығармаларын тебірене оқып, оның поэзиясындағы отансүйгіштік пен рухани құндылықтарды дәріптеді.
Іс-шараның ашылуында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы құттықтау сөз сөйлеп, Тоқаш Бердияровтың қазақ әдебиетіндегі айрықша орны мен ел руханиятына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
— Көрнекті ақын Тоқаш Бердияровтың 100 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту – әрбір келестік үшін парыз. Ақын 30-ға жуық кітап шығарып, туған жерге арналған «Келестің ыстық топырағы-ай» сынды өлеңдері арқылы ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосты. Оның өмір жолы мен шығармашылығы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, адалдық пен рухани тазалыққа тәрбиелейді, – деді аудан әкімі.

Байқау барысында қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде Тоқаш Бердияровтың тұлғасын, ерлігі мен ақындығын көркем теңеулер арқылы жыр жолдарымен бейнеледі. Жас өнерпаздардың сахна мәдениеті, шығармашылық шеберлігі мен поэзияны түсіну деңгейі қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.

Іс-шара соңында үздік деп танылған қатысушылар аудан әкімі атынан арнайы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерейтойлық кеш көрермендерге рухани серпіліс сыйлап, ақын мұрасының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары