Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев жаңадан бой көтерген «Тұран» шағын ауданына барып, тұрғындармен кездесті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Еркін форматта өткен жүздесуде шағын аудан тұрғындарымен бірге бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, олардың шешу жолдары қарастырылды. Мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындармен кері байланысты нығайтып, нақты мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Кездесу барысында тұрғындар қыс мезгілінде электр қуатының әлсіздігіне байланысты көтерілген мәселеге тоқталды. Анықталғандай, бастапқы кезеңде демеушілер есебінен орнатылған қуаттылығы 160 кВА болатын трансформатор сол уақытта тұрғындарды толық қамтамасыз еткен. Алайда, шағын аудан халқының көбеюіне және электр энергиясын тұтынушылар санының артуына байланысты аталған трансформатордың қуаты жеткіліксіз бола бастаған.
Осыған байланысты қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, желтоқсан айының басында жергілікті бюджет есебінен қуаттылығы 630 кВА болатын жаңа трансформатор орнатылып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда шағын аудан электр қуатымен толық қамтамасыз етіліп, бұл бағытта тұрғындар тарапынан ешқандай шағым тіркелген жоқ. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және әлеуметтік қолайлылықты арттыруға оң әсерін тигізді.
Сонымен қатар, кездесу барысында шағын ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Қазіргі таңда жеке инвестор есебінен магистральді табиғи газ желілерін жүргізу бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда. Жуық арада шағын ауданды толық газдандыру көзделіп отыр. Бұл жоба іске асқан жағдайда тұрғындардың күнделікті тұрмысы айтарлықтай жеңілдеп, экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім болмақ.

Кездесу соңында тұрғындар өзге де әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін ортаға салып, қала әкімі әрбір көтерілген сұраққа заң талаптары аясында нақты жауап беріп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Қала басшысы алдағы уақытта да шағын ауданның инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту жұмыстары жалғасын табатынын атап өтті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары