Түркістан облысы Қазығұрт асуындағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады.

– Ата-бабаларымыз «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деп бекер айтпаған. 2004 жылы бой көтерген «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені – ұлттың рухын көтеретін, тарих пен дәстүрді дәріптейтін ерекше нысан. Бүгін осы мемориалдық кешеннің қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа кейіпке енуіне куә болып тұрмыз. Аталған ескерткіш – ұлттың бірлігі мен берекесінің, ізгіліктің символы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдени мұра мен рухани туризмді дамытуды ел дамуының маңызды бағыты ретінде айқындады. Осы бағытта Түркістан облысында тарихи-мәдени нысандарды сақтап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазығұрт – тарихы терең, аңызы мен ақиқаты астасқан киелі өңір. Осы аймақта туризмді дамыту – ортақ міндетіміз. Бүгінгі жаңғыртудан өтіп, қайта ашылып отырған «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені ел рухын асқақтататын, жас ұрпаққа тағылым беретін маңызды ескерткіш болады деп сенемін. Халқымыздың мәртебесі Қазығұрт тауындай биік, әрбір бастамамыз жемісті болсын! – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қазығұрт асуында орналасқан «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені толық жаңғыртылып, абаттандыру жұмыстары заманауи талаптарға сай жүргізілді. Жобаны жүзеге асыруды «Қарағанды Көркем» ЖШС қолға алып, нысанның сәулеттік және инфрақұрылымдық келбетін жаңа деңгейге көтерді.
Абаттандыру жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталып, 2025 жылдың қазан айында толық аяқталды. Мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Жаңғырту барысында кешенге келушілерге қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген.
Кешен аумағында биіктігі 51 метр болатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орнатылып, ол нысанның айшықты символына айналды. Сонымен қатар 1880 шаршы метр аумаққа сапалы газон төселіп, 29 жарықтандыру шамы орнатылды. Айналаны көгалдандыру мақсатында 400 түп шырша көшеті егілді.
Нысан құрамына кеме пішіндес, биіктігі 11 метр болатын монумент, тағылымдық мәні зор нақыл сөздер жазылған 3 монумент, 2 демалыс алаңы, 2 сауда нысаны, сондай-ақ санитарлық талаптарға сай әжетхана енгізілген. Бұл кешен туристер мен зиярат етушілер үшін қолайлы демалыс орнына айналмақ.

Аталған құрылыс және жаңғырту жұмыстары өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, туристік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Қазығұрт өңірінің сәулеттік келбетін көркейтуге бағытталған. Жаңарған мемориалдық кешен алдағы уақытта еліміздің рухани туризм картасындағы маңызды нысандардың бірі болары сөзсіз.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары