Төлеби ауданына қарасты Тағайна ауылында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Ашылу салтанатына аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтады.

Іс-шара барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында денсаулық сақтау саласын дамыту, әсіресе ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақындату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тағайна ауылында іске қосылған бұл нысан – атқарылып жатқан жұмыстардың нақты әрі маңызды нәтижесі екені айтылды.
Жаңа медициналық пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы және сапалы көрсету. ФАП тәулігіне 12 адамды қабылдай алады. Сонымен қатар, нысанның іске қосылуы нәтижесінде 3 жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына да оң әсерін тигізіп отыр. Ғимарат заман талабына сай салынып, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Жобаның жалпы құны 62 миллион теңгеден асады. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі жауапкершілікпен атқарған «Нефтестроймонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, құрылыс саласының мамандарына және осы игі іске үлес қосқан барша азаматтарға аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы алғысын білдірді.

Сонымен қатар, ауыл халқы жаңа медициналық нысанның салынуына қолдау көрсетіп, елді мекенде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына мүмкіндік жасағаны үшін аудан әкімдігіне ризашылықтарын жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, бұл ФАП ауыл өмірінің сапасын арттырып, денсаулық сақтау қызметін жаңа деңгейге көтеруге сеп болады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары