Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян елді мекенінде көгалдандыру жұмыстары аясында Рысқұлов көшесінің бойына жалпы 300 түп “Айланта” және жеміс ағаштары егілді,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Аталған игі бастама аудан аумағын көгалдандыру, жасыл желек көлемін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуен, сондай-ақ ауданға қарасты түрлі мекемелер мен бөлімдердің қызметкерлері белсенді түрде қатысты.
Көшет отырғызу барысында қатысушылар арнайы агротехникалық талаптарды сақтай отырып, әрбір талдың дұрыс отырғызылуына мән берді. Мамандардың айтуынша, “Айланта” ағашы жергілікті климатқа төзімді, тез өсетін әрі көлеңке беретін ағаш түрі саналады. Ал егілген жеміс ағаштары алдағы жылдары өнім беріп, елді мекеннің көркін арттырумен қатар, тұрғындарға да пайдасын тигізбек.

Іс-шара барысында аудан басшылығы көгалдандыру жұмыстарының тек бір күндік акциямен шектелмейтінін атап өтті. Ағаш отырғызу – табиғатқа деген жанашырлықтың, туған жерге деген қамқорлықтың нақты көрінісі екені айтылып, егілген көшеттерді күтіп-баптау, суару және қорғау мәселелері де назардан тыс қалмайтыны жеткізілді.
Тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары Шаян елді мекенінде абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жаңартылған көшелер, ретке келтірілген қоғамдық орындар мен жасыл желек ауылдың ажарын ашып, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруда. Бүгінгі отырғызылған 300 түп тал да сол жұмыстардың жалғасы ретінде бағалануда.

Жалпы, көгалдандыру жұмыстарының негізгі мақсаты – елді мекеннің эстетикалық келбетін жақсарту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және тұрғындар үшін таза әрі жайлы ортаны қалыптастыру. Аудан аумағында абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары