Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиевтің төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Маңызды жиынға аудан әкімінің орынбасары, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандар қатысты. Мәжілістің негізгі мақсаты – ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы өзекті мәселелерді саралап, алдағы кезеңге нақты міндеттерді айқындау болды.
Күн тәртібіне бірқатар маңызды мәселелер шығарылды. Атап айтқанда, 2025 жылға 10 айдың қорытындысымен негізгі индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Бұл бағытта әр сала бойынша атқарылған жұмыстар сөз болып, алдағы уақытта көрсеткіштерді жақсарту жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар, мәжілісте Мансап орталығының атқарған жұмыстары тыңдалды. Жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындарды қолдау мәселелері кеңінен қозғалып, бұл салада жүйелі жұмысты күшейту қажеттігі айтылды.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – аусыл ауруының алдын алу және оған қарсы күрес шаралары болды. Жауапты сала басшылары ветеринариялық ахуал туралы баяндама жасап, профилактикалық жұмыстардың барысын жеткізді. Бұдан бөлек, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан шаралар да назардан тыс қалмады.
Мәжіліс барысында аудандағы күзгі көшет отырғызу жұмыстары да қаралды. Елді мекендерді көгалдандыру, жасыл желек көлемін арттыру және экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді. Бұл бағыттағы іс-шаралардың жүйелі түрде жалғасатыны айтылды.

Жиын барысында Бақыт Қырғызалиев күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша тиісті хаттамалық тапсырмалар беріп, жауапты тұлғаларға нақты мерзімдер белгіледі. Мәжіліс соңында аудан басшысы жүктелген міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын басты назарда ұстауды қатаң тапсырды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары