Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Шарбұлақ елді мекенінде ашық және жабық спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл нысан өңірде бұқаралық спортты дамытуға, ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба саналады.

Азаматтардың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға, балалар мен жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға жетелейтін әлеуметтік маңызы ауқымды нысанның ашылуына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Әшіров, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, ауыл тұрғындары, елге сыйлы қариялар қатысты.
Нысан құрылысын Қазығұрт аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тапсырысы бойынша «Vertex Build» ЖШС-гі жүргізді. Спорт кешенінің аумағы 2,83 гектар болып белгіленіп, кешен ғимаратының жалпы аумағы 1720 шаршы метрді құрайды. Кешен жобасы бойынша атқарылған жұмыстарды мердігер ұйымның басшысы Нұрдәулет Рысқұл таныстырып, нысанның барлық талаптарға сай салынғанын атап өтті.

Нысанда күрес, бокс секцияларына арналған жаттығу бөлмелері, заманауи құралдармен жабдықталған тренажер залы, жабық футбол манежі қарастырылған. Кешеннің сыртқы аймағында баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» және балаларға арналған спорт алаңшалары толықтай жабдықталған. Мұнда 300-ге жуық жасөспірім үшін спорттық секцияларға қатысуға мүмкіндік ашылып, жергілікті тұрғындар арасынан 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ауыл ақсақалдары салауатты ұрпақ тәрбиелеуге арналған нысанның ашылуын тарихи сәтке балап, ел игілігіне қызмет ететін мұндай кешендер болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын атап өтті.
«Спорт – денсаулықтың кепілі, күш-қуат пен жігердің қайнар көзі. Осы кешенде балаларымыз бен жасөспірімдеріміз шеберлігін шыңдап, денелерін шынықтырып, рухани дамуға жол аша алады. Ересектер де осы жерде белсенді өмір салтын қалыптастырып, отбасылық және қоғамдық бірлікті арттырады», – деді ауыл қариялары.
Жұмыс сапары аясында облыс басшылығы Қазығұрт ауылы, О.Жандосов көшесінде орналасқан, Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша жөндеуден өткен екі қабатты, 10 пәтерлі тұрғын үйдің қазіргі техникалық жағдайымен танысты. Ресми өкілдер тұрғын үйлердің ішіне кіріп, әр пәтердің жай-күйін көзбен көріп, жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын жан-жақты қадағалады.

Айта кету керек, 2024 жылғы 10 қаңтарға қараған түні осы мекенжайдағы №35Б тұрғын үйдегі пәтерлердің едендері шөгіп, ішкі аралық қабырғалары жарылған болатын. Аталған жағдай бойынша шұғыл шаралар қабылданып, ақау анықталған көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары басқа мекенжайға уақытша көшірілген еді. Аудан бюджеті есебінен №35А және №35Б тұрғын үйлерге толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер мен құрылымдық қауіпсіздік талапқа сай қалпына келтірілді.
Қазіргі таңда тұрғындар өз пәтерлеріне қайта қоныстанып, қалыпты тұрмысын жалғастыруда.
Облыс басшысы тұрғындармен арнайы кездесіп, атқарылған жұмыстардың сапасы жөнінде пікір алмасты. Пәтер иелері көрсетілген қолдау мен уақтылы жасалған жөндеу жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, үйлерінің қазіргі жағдайы талапқа сай екенін атап өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы жауапты сала мамандарына тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Тұрғындардың алаңдаушылығын туғызған бұл мәселені «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы тұрақты бақылауында ұстап, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған нақты шаралардың уақытылы орындалуын үйлестірді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары