Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Нұрлы жол елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, ел игілігіне берілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба ретінде бағаланып отыр.

▪️Медициналық мекеменің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Облыс басшысы халықтың денсаулығын жақсарту – өңір дамуының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жаңа медициналық мекемелердің жүйелі түрде салынып жатқанын айтты. Сондай-ақ шалғай ауылдарға дейін сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мәселесі әрдайым назарда болатынын жеткізді.
– Құрметті сарыағаштықтар! Сіздерді жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өздеріңізбен кездесу барысында Нұрлы жол ауылында медициналық нысан салу мәселесін көтерген болатынсыздар. Мінеки, ол шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Нұрлы жол елді мекенінің ауыл биі Әділхан Андасов ауыл тұрғындары атынан алғысын айтып, жаңа амбулатория ауыл халқы үшін көптен күткен нысан екенін атап өтіп, көпшілікті құттықтады.

▪️Сарыағаш ауданындағы 0,10 гектар аумақта орналасқан жаңа медициналық нысанның құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлік амбулаторияда жергілікті халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Нысан бір мезетте 25 адамды қабылдай алады.
▪️Бұл – елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам әрі ауыл медицинасының дамуына серпін беретін маңызды бастама.

▪️Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар медициналық нысан салынуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. Одан бөлек, 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Ал медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары